Семейде тоғыз жыл бұрын жоғалып кеткен қыздың туыстары іздеу жұмыстарын қайта бастауды сұрап отыр. Бір жарым жастағы баланың жоғалуы кезінде бүкіл қаланы дүр сілкіндірген еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Қайғылы жағдай тоғыз жыл бұрын болған. Сол кезде 24 жастағы әйел күйеуімен жанжалдан кейін кішкентай қызын өзенге тастап жібергенін айтқан. Оның сөзінше, содан кейін өзі де өміріне қол жұмсамақ болған, бірақ соңғы сәтте бұл ойынан айнып қалған.
Баланың әкесі сол түні олардың арасында шынымен де жанжал болғанын айтқан. Әйелінің сөзін естіген соң, ер адам бірден Ертіс өзеніне барып, қызын іздей бастаған. Алайда өзі де суға батып кете жаздаған.
Оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалған. Әйел іс бойынша күдікті ретінде танылғанымен, ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүрген. Соған қарамастан, құтқарушылар мен полиция жүргізген іздеу жұмыстары нәтиже бермей, баланың мәйіті табылмаған.
Ақыры іс нәтижесіз қалып, ешкім жауапқа тартылмаған.
ТУЫСТАРЫ НЕ ДЕЙДІ
Қыздың әкесі бірнеше жылдан кейін қайтыс болған. Қазір туыстары істі қайта қарауды талап етіп отыр. Жақында олар полицияға барып, іс материалдарымен танысуға және баланың жоғалуына қатысты мән-жайды қайта тексеруді сұраған.
Қыздың әпкесі Зарина Серікбосынованың айтуынша, туыстары ананың баланы шынымен суға батырып жібергеніне сенбейді. Олардың ойынша, қызды біреуге беріп немесе сатып жіберуі де мүмкін.