Ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың компаниясының шотына жүздеген миллион теңге түскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Блогерлерге қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот талқылауы 18 наурызда Астанада өтті. Ерлі-зайыптыға заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру айыбы тағылған. Тараптар қылмыстық іс материалдарын зерттеу кезеңіне өтті. Мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев Эльмира Төлегенова басқаратын «Zhana Business» ЖШС-не қатысты экономикалық сараптама қорытындысын оқыды. Құжатта банк көшірмесіне сәйкес, «Zhana Business» ЖШС-нің қызметі басталғаннан бүгінге дейін есепшотына түскен қаражаттың жалпы көлемі 373 473 288 теңге екені айтылған. Ал 2025 жылғы 21 тамыз бен 17 қараша аралығында курстарды сатудан түскен табыс 246 613 229 теңге болған. Осы кезеңдегі «Zhana Business»-тің шығыны 248 356 106 теңге болған.
– «Zhana Business» ЖШС 21 тамыздан бастап 10 081 760 теңге көлемінде салық төлеген. Сондай-ақ 21 тамыздан бүгінге дейін «Zhana Business» ЖШС-не тиесілі JSC Kaspi Bank-тегі депозиттік шотқа 60 000 000 теңге түскен. Ал 26 тамыздан бүгінге дейін осы депозиттік шоттан сыйақы ретінде алынған қаражат көлемі 2025 жылғы 13 қарашадағы JSC Kaspi Bank анықтамасына сәйкес 560 501 теңге 94 тиынды құраған, – деді прокурор.
СОТТАҒЫ КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕР
Сот отырысы кезінде айыпталушылардың адвокаты мен айыптау тарапының өкілі даулаcты. Адвокат Гаухар Айтжанова іс материалдарын зерттеуді куәлардан жауап алу аяқталғаннан кейін бастауды сұрады. Алайда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әділбек Баймаханов электронды құжаттарды зерттеуге көшуді ұйғарды. Отырыста қорғау тарапы мен айыптау тарапының қылмыстық іс материалдарының тізімдемесі әртүрлі екені анықталып, бұл процесс қатысушылары арасында түсінбеушілік туғызды.