"АҚШ Таяу Шығысқа қосымша әскер жібермейді" - Трамп

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

АҚШ президенті Иранға қарсы әскери операцияны кеңейту туралы қауесетке пікір білдіріп, өңірге қосымша әскер жіберу жоспарда жоқ екенін айтты. Ол бұл туралы 19 наурызда Жапония премьер-министрі Санаэ Такаитидің Ақ үйге сапары кезінде журналистердің сұрағына жауап бере отырып айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жауап

Журналистер америкалық кқшбасшыдан АҚШ әкімшілігі өңірге қосымша әскер жіберуге ниетті ме деп сұраған.

- Мен ешқайда әскер жіберіп жатқан жоқпын, – деп жауап берді Трамп.

АҚШ президенті сондай-ақ Вашингтон жағдайды бақылауда ұстайтынын айтты.

- Егер мен мұны істеп жатсам, сіздерге оны нақты айтпас едім. Бірақ мен әскер жіберіп жатқан жоқпын. Жағдайды бақылауда ұстау үшін қажет нәрсенің бәрін жасаймыз, – деді Ақ үй басшысы.

Дереккөздер не дейді?

Бұған дейін Reuters агенттігі дереккөздерге сүйене отырып, Трамп әкімшілігі Иранға қарсы әскери операцияны кеңейту мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған еді. Журналистердің мәліметінше, Таяу Шығысқа бірнеше мың америкалық әскери қызметкерді жіберу мәселесі талқыланған. Ықтимал сценарийлердің қатарында құрлықтағы операцияға дайындық және Ормуз бұғазындағы блокаданы бұзуға бағытталған әскери қимылдар аталған.

Ықтимал сценарийлер

Reuters дереккөздерінің мәліметінше, Вашингтонда Иранның стратегиялық нысандарын бақылауға алу нұсқалары да талқыланған. Әңгіме америкалық әскерилерді Иран жағалауына орналастыру, сондай-ақ Парсы шығанағындағы Иран мұнайын экспорттайтын маңызды орталық саналатын Харк аралында ықтимал операция жүргізу туралы болуы мүмкін. Алайда дереккөздер мұндай сценарийлердің тәуекелі жоғары екенін атап өткен, өйткені Иран бұл нысандарға зымырандар мен ұшқышсыз аппараттар арқылы соққы бере алады.

Ядролық нысандарды бақылау

Бұдан бөлек, америкалық билік Ирандағы байытылған уран қорын бақылауға алу үшін әскер жіберу нұсқасын да талқылап жатқаны айтылды. Бұған дейін мұндай келіссөздер туралы Axios басылымы АҚШ пен Израиль арасындағы талқылауға сілтеме жасап хабарлаған еді. Дереккөздердің айтуынша, мұндай сценарий тек әскерилер Иран операцияға қатысатын күштерге енді елеулі қауіп төндірмейтініне көз жеткізгеннен кейін ғана жүзеге асуы мүмкін.

Қақтығыстың ушығуы

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы 28 ақпанда Ислам Республикасының аумағына алғашқы әуе соққылары жасалғаннан кейін басталды. Жауап ретінде Иран Израильге және Парсы шығанағындағы бірқатар мемлекетке зымырандар мен ұшқышсыз аппараттармен шабуыл жасай бастады. Өңірдегі мұнай қоймалары мен танкерлер де соққыға ұшырады. Шабуылдар Әзербайжанға, сондай-ақ Еуроодақ құрамындағы Кипрге де әсер еткені хабарланған.