Әмір Қасеновтің үйқамақта отыру мерзімі ұзарды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты «Kaztag» ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновке қатысты үйқамақ мерзімін ұзартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Шектеу шарасы 2026 жылғы 25 сәуірге дейін күшінде болады. Бұл туралы журналистің адвокаты Сәлімжан Мусин хабарлады. Қорғаушының айтуынша, шешім демалыс күндері қабылданған. Қасенов агенттік жарияланымдарына байланысты қылмыстық іс аясында үйқамақта отыр.

КОНТЕКСТ

Әмір Қасенов былтыр 23 желтоқсан күні кешке Астанада тергеу әрекеттеріне шақырылғаннан кейін ұсталған. Биыл қаңтарда журналисті үйқамақта ұстау мерзімі ұзартылған.

Астана полициясы Қасеновтің үстінен тергеудің жеке компанияның бизнес репутациясына зиян келтіретін жалған ақпаратты бірнеше рет таратуы туралы шағым негізінде жүргізіліп жатқанын хабарлаған.

ҚазТАГ агенттігі былтыр өзінің You Tube арнасында және сайтында Freedom Finance компаниясындағы «алаяқтық схемалардан зардап шеккендер» жайлы деп бірнеше видео мен мақала жариялаған. Агенттік іске қатысты барлық ақпараттардың дереккөзі «адвокат Светлана Оралбаева мен зардап шеккендер Гүлмира Исаева, Жанна Қапарова және Карина Гайфулина болып табылады» деген.

Freedom Finance компаниясы осы іске қатысты БАҚ-та тарап жатқан ақпараттарды дәлелсіз, бұрмаланған айыптаулар деп бағалап, «ұйымдастырылған PR шабуыл» деп атаған. Freedom Finance компаниясын Ресейден шыққан, кейін Қазақстан азаматтығын алған миллиардер Тимур Турлов (Forbes журналы байлығын $5,8 млрд деп бағалаған) басқарады.