Қырғызстанда жолда агрессия танытқан жүргізушілерді куәліктен айыру ұсынылды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Қырғызстанда құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Құжатта жүргізушілердің жолдағы агрессивті мінез-құлқы үшін жауапкершілік қарастырады. Атап айтқанда, жүргізушілер арасындағы жанжалдар, төбелестер және өзге де агрессивті әрекеттерді реттейтін жаңа 189-бап енгізу ұсынылып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz 24.kg сайтына сілтеме жасап.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жобаға сәйкес, жол бөлігінде қауіпсіздікке қатер төндіретін жанжалдарға немесе төбелеске қатысқандарға 10 мың сом (шамамен 57 мың теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Егер мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайта жасалса, жаза күшейтіліп, жүргізуші алты айға көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін.

Заң жобасының бастамашылары соңғы жылдары елде жолдағы жанжалдардың жиілеп, олардың тікелей жол үстінде физикалық қақтығысқа ұласатынын атап өтеді. Бұл тек жанжалға қатысушыларға ғана емес, өзге жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге де қауіп төндіреді.

Негіздеме анықтамасында келтірілген деректерге сәйкес, жол-көлік оқиғаларының 90 пайыздан астамы жүргізушілердің кінәсінен болады, ал жалпы апат деңгейі өңірдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр.

Заң жобасы жолдағы жанжалдарды азайтуға, жүргізушілердің тәртібін арттыруға және қауіпсіз көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.