Нью-Йорк әуежайында ұшақ өрт сөндіру көлігімен соқтығысып, екі адам қаза тапты

Ulysmedia
Reuters

Нью-Йорк әуежайында ұшақ өрт сөндіру көлігімен соқтығысып, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

23 наурызға қараған түні Нью-Йорктың Ла Гуардиа әуежайы аумағында Air Canada әуе компаниясының жолаушылар ұшағы өрт сөндіру қызметінің көлігімен соқтығысқан. Салдарынан ұшақтың екі ұшқышы қаза тапқан. Бұған дейін олардың ауыр жарақат алғаны айтылған еді. Бұл жөнінде CNN телеарнасы құқық қорғау органдарына сілтеме жасап хабарлады. Сондай-ақ көлікте болған екі адам зардап шеккен.

CRJ 900 ұшағы Монреаль қаласынан ұшып келген. Өрт сөндіру көлігі басқа бір ұшақ экипажы салоннан күйік иісі сезілген соң шақыртқан. Көлік ұшып-қону айлағына шыққан. CBS мәліметінше, диспетчерлер соңғы сәтте өрт сөндіру көлігін тоқтатуға әрекеттенген, бірақ үлгермеген.

Air Canada әуе кемесі айтарлықтай зақым алған. Алдын ала деректер бойынша, бортта 72 жолаушы мен 4 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар арасында қаза тапқандар жоқ.

Ла Гуардиа — Нью-Йорктегі екінші ірі әуежай. Апатқа байланысты уақытша жабылған. Тергеу амалдары жүріп жатыр.