Өскемендегі 5201 домбырашы: әлемдік рекордқа қатысты күмән туды

Сырым Қаржас
Видео кадры

Наурыз мерекесі кезінде БАҚ-та Шығыс Қазақстан облысынан шыққан домбырашылар әлемдік рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді деген ақпарат тарады. Алайда жарияланымдардан кейін кейбір қолданушылар бұл мәліметтің шынайылығына күмән келтірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі Өскемендегі Республика алаңында 5201 домбырашы бір мезетте «Ақбұлақ» әнін орындағаны хабарланған. Музыканттар ұлттық киіммен өнер көрсеткен, ал шара Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған. Жергілікті биліктің мәліметінше, осы шара барысында әлемдік рекорд орнатылған. Сол жерде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановқа бұл жетістіктің Гиннестің рекордтар кітабына енгізілгені туралы сертификат салтанатты түрде табысталған. Бұл жаңалықты қазақстандық БАҚ кеңінен таратты.

Алайда біз ұсынылған сертификаттың халықаралық Guinness World Records ұйымының ресми құжаттарынан өзгеше екенін байқадық. Сонымен қатар, оны «КИНЕС Қазақстан» атты ұйым берген.

Желіде журналист Абай Сейфуллаұлы да жарияланған рекордқа қатысты күмән келтірді.

- Тағы бір қызығы - осы Наурыз мерекесіндегі бірнеше оқиға Гиннеске енгеніне күмән бар. Себебі қазақстандық азаматтар ұқсас КИНЭС GBR деген бір сертификат үлестірген). Бірақ жаңалықтар сайттары тексермей Гиннес деп жар салды, – дейді журналист.

КИНЕС ПЕН ГИННЕС

Айта кету керек, ашық деректерге сәйкес, «Кинес Қазақстан» жобасының халықаралық Guinness World Records ұйымына қатысы жоқ. Бұл — қазақстандықтардың түрлі жетістіктерін тіркейтін және ұлттық рекордтар кітабы ретінде жұмыс істейтін жеке бастама. Ал Guinness World Records — әлемдік рекордтарды тіркейтін халықаралық ұйым.