Ақтауда 20 млн теңгеге отбасылық құндылықтар туралы мультсериал түсірілмек

Сырым Қаржас
Фото: lada.kz

Ақтауда «отбасылық құндылықтарды» насихаттау үшін бюджеттен 20 млн теңге бөлініп, анимациялық сериал әзірлеуге тапсырыс берілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Тапсырысты қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік сатып алу порталында жариялаған.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазіргі уақытта конкурс қаралу кезеңінде – бюджет қаражатын игеретін мердігер әлі анықталған жоқ. Техникалық сипаттамаға сәйкес, орындаушы кемінде 3–5 минуттан тұратын 15 серия түсіруі тиіс. Негізгі желі – «ұрпақ сабақтастығы» тақырыбындағы ата мен немере арасындағы тәрбиелік диалогтар, деп жазады Lada.kz.

Құжатта мультсериал міндетті түрде жасанды интеллектіні қолдана отырып жасалуы тиіс екені бөлек көрсетілген. Жобаны кеңінен насихаттау да жоспарланған – қазақтілді онлайн БАҚ-тан бастап, телеарналар мен блогерлердің парақшаларына дейін қамтылады. Яғни әңгіме тек контент жасаумен шектелмей, оны сол бюджет есебінен белсенді ілгерілету туралы болып отыр.

Талаптар мұнымен шектелмейді. Мердігер Ақтауда кемінде 200 адам қатысатын таныстырылым өткізуі қажет. Оған оқушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысуы тиіс. Қонақтарға логотиптері, кейіпкерлері және тәрбиелік жазулары бар сувенирлер тарату қарастырылған.

Журналистер сатып алуға қатысты түсініктеме алу үшін жергілікті әкімдікке жүгінген. Алайда онда нақты жауап берілмей, техникалық сипаттамаға сілтеме жасалған. Ал 20 млн теңге сомасы қандай есепке сүйеніп белгіленгені туралы негізгі сұрақ жауапсыз қалған.