Мәжіліс депутаттығына экс-кандидатқа іздеу салынды

Сырым Қаржас
Фото: vlast.kz

Қазақстан Ішкі істер министрлігі Мәжіліс депутаттығына бұрынғы кандидат Сергей Богомоловты іздеуге жариялады. Бұл ақпаратты Ulysmedia.kz құқықтық статистика және арнайы есепке алу порталынан анықтады.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ашық деректерге сәйкес, іздеуді Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының полиция бөлімі жүргізіп жатыр. Богомоловтың есімі бұған дейін де қоғамдық кеңістікте аталған. 2023 жылы ол Мәжіліс сайлауына өзін-өзі ұсынушы ретінде қатысқан. Сайлауалды науқанында ол сыбайлас жемқорлықпен күресу және экономикалық модельді өзгерту қажеттігін айтқан.

– Мен сыбайлас жемқорлықтан жалықтым, бір нәрсені өзгерткім келеді… Адамдар несиеге батпай, табыс табуы керек, – деген еді ол журналистерге берген сұхбатында.

Алайда Сергей Богомолов парламентке өте алмады.

ДАУ

Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, ол «Казтрансавиа» компаниясының қызметкері болған. БАҚ-та жарияланған мәліметтерге қарағанда, Богомолов Шығыс Қазақстан облысындағы электр беру желілерін бұзуға байланысты қылмыстық іс аясында аталған болуы мүмкін. Әңгіме «Баты-сервис» ЖШС мен «Казтрансавиа» арасындағы дау туралы болып отыр.

2023 жылғы желтоқсанда ШҚО-ның азаматтық істер жөніндегі сот алқасы «Казтрансавиаға» тиесілі учаскеде орнатылған тіректерді «Баты-сервиске» бұзуды міндеттеген. Сот шешімін орындауға 15 күн берілген. «Репортер» Telegram-арнасының мәліметінше, шешім ерікті түрде орындалмағаннан кейін, 2024 жылғы қаңтарда «Казтрансавиа» өкілі Сергей Богомолов техниканы тарта отырып, тіректердің бір бөлігін бұзуды ұйымдастырған.

Осыдан кейін «Баты-сервис» өкілдері полицияға жүгініп, өз бетінше әрекет ету дерегі бойынша шағым түсірген. Қылмыстық іс сотта қаралған. Өз кезегінде Богомолов айыпты мойындамай, заң аясында әрекет еткенін мәлімдеген.

Қазір оған нақты қандай айып тағылып отырғаны ресми түрде жарияланған жоқ. Алайда осы жанжалдан екі жыл өткен соң ол ІІМ іздеуіне ілігіп отыр.