"Сырт киімсіз отыру мүмкін емес": Қонаев мектептерінде жылу жоқ

Ulysmedia

Аяздың беті қайтса да Қонаев қаласының мектептерінде оқушылар әлі бүрсең қағып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

“Алматы” арнасының тілшілеріне шағымдарын жеткізген ата-аналардың айтуынша, жылытқыш құралсыз, қалың күртешесіз кабинетте отыру мүмкін емес.

Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназия қалыпты оқу жүйесіне осы аптаның басында ғана оралған. Бұған дейін аязға байланысты бастауыш сыныптар 2 апта онлайн білім алып, жоғары сыныптарға бір сабақты 30 минуттан ғана өткен. Ата-аналар аязды күндер өтсе де, мектептегі жылудың жеткіліксіз еткенін айтады.  

«Мектепте 2 балам оқиды. Кеше сабаққа кеткен. Дене шынықтыру сабағында балалар сырт киімін шешкен. Бүгін балам ауырып қалды», – деді ата-ана Қарлығаш Аманғалиева.

«Барлық кабинетті аралап шықтық. Жылытқыш пеш әлі қосылып тұр. Мектептегі оқушылар ойнап жүріп абайсызда күйіп қалуы мүмкін», – деді ата-ана Сәния Миронова.

Білім ордасына шаң жуытпаған мектеп директоры ата-аналар уәжін жоққа шығарды.

«Ауа райы жылынып қалды ғой. Кез келген кабинетке кіріп көрсеңіз, 20 градусты көрсетіп тұр. Мектепте спорт зал ғана салқын. «Бастауыш сынып оқушыларына уақытша сабақ болмайды» деп дене шынықтыру мұғалімдеріне ескерту жасалды», – деді Қонаев қаласы орта мектеп-гимназиясының директоры Гүлзат Ержанова.

Қонаев қаласындағы Қ. Қайсенов атындағы №4 орта мектепте де жағдай мәз емес. Білім ордасының директоры шындықты жоққа шығармады.

«Ескі мектеп, терезелерді көріп тұрсыздар. Бірақ сәуір айында мектепте күрделі  жөндеу жұмысы басталады. Сондықтан бұл мәселе шешіледі деп ойлаймыз», – деді Қ. Қайсенов атындағы №4 орта мектеп директоры Гүлмира Амангелді.

Ал Қонаев қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, мектептерде жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланған. Ал әзірге оқушылардың оқу форматы ауа-райына байланысты құбылып тұрмақ.

«Ауа райына байланысты оқу форматы өзгереді. Алдағы уақытта күн суытады деген болжам бар. Егер аяз болса, тиісті шара қолданылады», – деді  Қонаев қалалық білім бөлімінің басшысы Рахым Асылбек.

Айта кетсек, былтыр ғана облыс орталығына айналған Қонаев қаласында жылу жүйесін жөндеуді талап ететін 4 білім ордасы бар. Тиісті қаражат бөлінсе де, жұмыстың басталар уақыты әлі белгісіз. Білім бөлімінің басшысы оқу жылы аяқталмай мәселе шешілмейтінін айтты.