Бірнеше күн өтсе де Алматыда үш адамның өмірін қиған көлік апатына қатысты дау әлеуметтік желі мен БАҚ-та басылар емес. Желі қолданушыларының кейбірі кінәлі жазасын алуы тиіс десе, енді бірі ол мәселенің шешімі емес дейді. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің сөзінше, мәселенің тамыры тереңде жатыр. Қалаға қаптап қойылған камера мен айыппұл ауқатты адамдар үшін кедергі емес. Ол әл-Фараби даңғылында ауқатты адамдардың балалары жарыс ұйымдастыруды әдетке айналдырған дейді.
“Бұл кездейсоқ апат емес”
Алматыдағы жан түршігерлік көлік апатының болғанына бүгін бес күн болды. Бірақ үш адамның өмірін қиған көлік апаты төңірегіндегі дау мен күмән сейілер емес. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов өте жоғары жылдамдықпен келіп, жолдың қарсы бетінше шығып кеткен Zeekr көлігімен бірге жарысқандардың арасында полиция қызметкері болуы мүмкін екенін айтады. Ол осыған байланысты ішкі істер министрлігіне түсініктеме беруде сұрап қайырылды.
«Бұл кездейсоқ көшеде болған апат емес. Алматы қаласында көп жылдан бер байлардың балалары қымбат автокөліктер алып, әр автокөліктің құны жүз мың доллардан асады, әл-Фараби көшесінде екі жаққа қарай, бір-бірімен жарысып, әртүрлі ойындар ұйымдастырады. Бұл кездейсоқ жарыс емес, өздері келіскен уақытта барады. Әртүрлі ойын түрлері бар. Шахмат деген бар, кім тез жетеді деген бар», – деді депутат Ulysmedia тілшісіне.
Мұрат Әбенов. Фото: Ашық дереккөзден
Ауқатты адамдар үшін айыппұл мен бейнекамера мәселе емес
Мұрат Әбеновтің сөзінше, көшеге 60 мың бейнекамера қойып, айыппұлды аспандатып жібергенмен ол мәселені шешпейді. Себебі ауқатты адамдар үшін айыппұл кедергі емес. Депутат заңға өзгерту енгізіп, жазаны қатаңдату қажет дейді. Ол жүргізушілерді ғана емес, полицияға да әрекетсіздігі үшін жазаны ауырлату керек деп есептейді.
«Біз қаланың ішінде жылдамдықты асырып айдаған көліктердің әрекетін қасақана қылмыс деп өзгертуіміз керек. Бұны кездейсоқ қылмыс емес, қасақана қылмыс деп есептеп, бір адам өлетін болса 7 жылдан 10 жылға дейін, үш адам өлетін болса 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруымыз қажет. Бұл жауапкершілікті біз нақтылап, кодекске енгізуіміз керек. Мен қазір ұсынысты дайындап қойдым», – деді ол.
Қазір үш адамның өмірін қиған көлік апатына байланысты қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша іс қозғалған. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Полицияның сөзінше, күдікті ауруханада жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Ол жерден шығарылған бетте қамауға алынады.
«Бұл жерде полицияның да кінәсі бар сияқты. Бұның алдында қаншама рет [жарыс] болды. Олар қайта-қайта тәртіп бұзды. Бірақ оларға арнайы шара қолданбады. Сол күні тоқтатты деген ақпарат бар. Егер сол күні тоқтатты деген ақпарат рас болса, қандай жауапкершілік бар. Қазір қылмыстық кодексте «әрекетсіздік» деген бап бар. Ол жерде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыр бар екен. Менің ойымша, егер адам қайтыс болатын болса, кеше Шымкентте де полиция Нұрайды қорғай алмады. Мына жерде де полиция алдын алуға болатын еді. Олар қаншама рет жол ережесін бұзды. Өрескел бұзды, қайта-қайта жоғары жылдамдықпен жүрді. Бірақ оларға жауапкершілік болған жоқ. Біз мұны да ауыр қылмыс деп санап, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруымыз керек, полицияны да. Егер полиция біле тұра шара қолданбаса, біз ондай полицияны 7 жылдан 12 жылға дейін соттауымыз керек», – дейді Мұрат Әбенов.
Полиция реакциясы
Әл-Фараби даңғылында жарысқандар арасында полиция қызметкері де болған деген ақпарат қоғамдық резонанс тудырған сәтте Алматының полиция департаменті қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеріс бастағанын хабарлады.
– Полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Олардың әрекетіне нақты құқықтық баға беріледі. Егер кінәсі дәлелденсе, ең қатаң шаралар қабылданады, – деді қалалық полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдулдинов тұрғындармен кездесуде.
Салтанат Әзірбек. Фото: Ашық дереккөзден
Бірақ департаменттің ресми өкілі Салтанат Әзірбек «жарысқандар арасында полиция қызметкері болды ма?» деген Ulysmedia сауалына нақты жауап бермеді. Ол бұл ақпаратты растамады да, терістемеді де. Тек тексеріс жүріп жатқанын, бірақ оның нәтижесі екі-үш күнде бірақ белгілі болатынын айтты.
«Бұл мәліметті тексеріп жатырмыз біз. Қазір тергеу басталды. Қылмыстық іс қозғалды. Zeekr автокөлігінің жүргізушісі күдікті болып танылды. Ол қазір күзетпен ауруханада. Міндетті түрде қамауға алынады», – деді ол.
Контекст
21 наурыз түнде Алматыда Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes көлігіндегі үш адам қаза тапқан.
Апатқа себеп болған Zeekr көлігі көше жарысына қатысқан болуы мүмкін. Бейресми ақпаратқа сәйкес, бұл іске полицияда істейтін лауазымды адамның қатысы бар деген күдік айтылып жатыр. Атап айтқанда, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаевтың аты аталады.