Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі Ресейде Қазақстан азаматтары қатысқан төбелес жайлы егжей-тегжейлі ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Министрліктің мәліметінше, оқиға 26 наурызда Ленинград облысындағы Усть-Луга ауылында болған. Қақтығысқа тұрмыстық сипатта басталып, оған Қазақстан азаматтары да қатысқан.
– Оқиғаның мән-жайын жан-жақты және объективті анықтау мақсатында Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары тиісті процессуалды шараларды жүргізді, соның ішінде қақтығысқа қатысушыларды уақытша ұстау іс-шаралары бар. Қазір тергеу жұмыстары жалғасып жатыр, – делінген хабарламада.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан азаматтары арасында ауыр жарақат алғандар жоқ. Ахуал тұрақты.
Сонымен қатар Қазақстанның бас консулы оқиға орнына барып, азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп, оқиғаның егжей-тегжейін анықтап жатыр.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, кеше әлеуметтік желілерде оқиға орнынан видео тарады. Кадрларда жастардың төбелесіп, шу шығарып жатқанын көруге болады. Кейін жоғары жылдамдықпен жарық шамдары бар көлік келіп, адамдарды таратты, сондай-ақ атыс дыбыстары естілген.