Астанада блогер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова ісі бойынша сот жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МОБИЛОГРАФТЫҢ ЖАУАБЫ
Сотта куәгер ретінде мобилограф Сара Қымбатова жауап беріп жатыр. Ол айыпталушы блогерлерге видео түсіріп, монтаж жасаған.
Отырыста Қымбатова тек қазақ тілін білетінін айтып, аудармашы қосылды. Алайда мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев оның әлеуметтік желілерде қазақша да, орысша да сөйлеп, жазатынын алға тартты.
Осыған байланысты прокурор куәгерді жалған жауап берді деп күдіктеніп, Қылмыстық кодекстің 420-бабы («Көрінеу жалған жауап беру») бойынша тексеру жүргізуді сұрады.
ОРЫСША ЕРКІН СӨЙЛЕМЕЙДІ
Өз кезегінде Сара Қымбатова орыс тіліндегі видеолар көбірек қаралым жинайтынын, сол үшін аударма қосымшаларын пайдаланып, мәтінді жаттап түсіретінін айтты. Бірақ еркін сөйлей алмайтынын жеткізді.
Қорғау тарапы прокурордың өтінішіне қарсы шықты. Адвокат Гаухар Айтжанова тіл білу деңгейі істің мәніне қатысы жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, куәгер әлеуметтік желі үшін аударма бағдарламаларын қолданған.
- Менің ойымша, куәгерге қысым көрсетіліп жатыр, – деді адвокат.
Судья Әділбек Баймаханов бұл мәселе бойынша шешім кейін кеңесу бөлмесінде қабылданатынын мәлімдеді.