Танагөз Толқынқызы полицияға шақыртылды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Ақын Танагөз Толқынқызын қазақ қоғамы туралы жазбасынан кейін полиция шақырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ШАҒЫМ ТҮСКЕН

Танагөз Толқынқызының сөзінше, 30 наурызда Астана қалалық Сарайшық ауданы полициясынан хабарласқан.

- Менің үстімнен 7 наурыз күні фейсбук парақшамда жарияланған «Қазақстан тәуелсіздігін сақтап қала алмайды» деген постыма егов арқылы бір адамнан шағым түскенін мәлімдеді. Мені 31 наурыз күні таңғы сағат онда Сарайшық ауданы полиция бөлімшесіне келуімді сұрады. Мен полицияға адвокатсыз бара алмаймын. Оны өздеріңіз де іштеріңізден біліп, түсініп отырсыздар, – дейді ақын. 

Танагөз Толқынқызы адвокат шығындарын көтеру мәселе болып тұрғанын атап өтті. Сондықтан адвокаттың шығындары мен еңбекақысын төлеуге өзінің кітаптарын сатуға шығарған. 

- Қазақстан ешкім өз ойын айта алмайтын үлкен түрмеге айналмауы керек. Егер сіздің жүрегіңіз мені қорғау керек деп шешсе, онда менің кітабымды сатып алып, маған қаржылай демеу беріңіз! Кітап бағасы 8000 теңге. Бірақ әркімнің жағдайы әр түрлі. Біреу 100 теңге, біреу 200 теңге бере алуы мүмкін. Өзіңіз бере алған ақшаға кітабымды қолтаңбамен беремін, – дейді Танагөз Толқынқызы. 

ТАЛҚЫЛАНҒАН ЖАЗБА

Еске салайық, әлеуметтік желілерде ақын Танагөз Толқынқызының қазақ қоғамы туралы жазбасы қызу талқыланған еді

Ақын Facebook-тегі парақшасында қазақ қоғамына қатысты сыни пікір білдіріп, елдің қазіргі жағдайына баға берген. Жазбада ол қазақтарды "принципі жоқ", "құлдық сана қалыптасқан" қоғам деп сипаттады.