"Уағызшы-сымақ тобыр елдің болашағын улап жатыр" - Бапи

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Депутат Ермұрат Бапи “псевдодіни авторитеттер” туралы мәселе қозғады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“ДІНДАРЛАР ҰЛТТЫҚ ҰСТАНЫМДЫ ІРІТТІ”

Депутат үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне “сыйға тартқан” имам туралы және Наурыз мейрамын харам деген блогер туралы сөз қозғады. 

-  Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қаса-қана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек!

Екінші бір керанау көрініс – Наурыз мерекесі ислам дініне жат мейрам деп жаниялаған сақалы бар мұрты жоқ біреудің видео-былжырағы. Әлеуметтік желілерді кезіп кеткен бұл дақпырт табиғатпен тел туатын мерекені жоққа шығару ғана емес, сонымен бірге біздің халықтың ғасырлардан тамыр тартатын салт-дәстүріне, ұлттық мәдениеті мен бірегейлігіне күмән келтірудің кебі, – дейді депутат. 

“ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫН УЛАП ЖАТЫР”

Түптеп келгенде, Бапидің сөзінше, ұлттық мұрат пен халықтық мұраға орасан зор залалын тигізетін бұл проблеманың тұңғиығы терең және әлдеқайда қауіпті болмақ.

- Ең бастысы - бұл уағызшы-сымақ тобыр біздің жас өскін ұрпақты, елдің болашағын улауда. Сырттан сіңген теріс діни усойқы уағыз, әсіресе, буыны бекімеген жастардың сарыуыз санасына желімдей жабысып, оларды ұлттық салт-дәстүр дағдысынан айырудың айласын жасауда. Олардың сиқырына алданған, дәстүрлі құндылықтардан қағылу, елдік мүддеден ажырау қатеріне іліккен жастар “жоғалған ұрпаққа” айналуы ғажап емес, – дейді Бапи. 

Осы тұста депутат теріс діндар тақуаларға сұрақ қойды. 

- Ағайындар, егер біздің сан ғасырлық ұлттық дәстүрлеріміз харам болса, Қазақстан мемлекеті сіздерге туған ел емес шығар?! Ұлттық құндылықтарды ғасырдан ғасырға сақтап қалған қазақтың қасиетті даласы сіздерге атамекен емес болар?! Ендеше, харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?! Алды-артыңа бір уыс топырақ!, – дейді мәжілісмен. 

ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАРҒА ҰСЫНЫС

Депутат құзырлы органдарға бірнеше ұсыныс тастады. 

- Қазақстан мұсылмандары қауымдастығына қатысты ұсынысымды білдіргім келеді. Мәселен, жоғарыда аталған қос дүмшенің дүрбелеңіне қатысты қауымдастықтың дін қайраткнрлері мен діни шенеуніктері тарапынан қарсы пікір айтылғанын естімедім. Тіпті, менің ойымша, ресми қауымдастық сырттан сіңген теріс діндарлардан қаймығып, “сен тимесең, мен тимен, бадырақ көздің кнбін киген тәрізді. Қарапайым тілде “ДУМК” деп, қысқартылып аталатын қауым өз жұмысын қайта қарауы керек деп есептеймін. Олар цифрлық кеңістікке шығып, ел іші мен онлайн ортадағы діни кикілжіңге дер кезінде реакция жасап, қоғамды зұлым уағыздар қоршауында қалдырмауы тиіс, – дейді депутат.