СДВГ мен өзіне сенімсіздік жастарды ішімдікке итермелейді - аддиктолог

Ақлима Джақсыбекова
Фото: rehab-rpc.ru

Жастар арасында зейін тапшылығы және гипербелсенділік синдромы (СДВГ) бар жандар алкогольге тәуелді келеді. Бұл туралы Вирджиния университеті ғалымдарының зерттеу нәтижелері анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Зерттеу барысында, 18–23 жас аралығындағы қатысушыларға сауалнама жүргізілді.

Нәтижесінде, СДВГ бар жастар өзіне сенімсіз келеді екен. Сондықтан олар күйзелісті азайту немесе қиын жағдайларды жеңіл өткеру үшін алкогольді жиі тұтынады.

«Стресті жеңілдету» құралы

Komek Center тәуелді адамдарды оңалту орталығының негізін қалаушы, психолог-аддиктолог Нұрлыбек Тұрсынбеков осы туралы пікір бөлісті. 

- «Жалпы алғанда,  ЗТГС (СДВГ) алкогольге тәуелді жастарда жиі байқалады. Дегенмен, бұл синдром адамның міндетті түрде тәуелді болатынын білдірмейді. Ол тек қауіп факторы саналады», - дейді аддиктолог. 

Оның айтуынша, жастар арасында алкогольге тәуелділікке тек СДВГ емес, сенімсіздік пен стрес те әсер етеді. 

- «Өзіне деген сенімсіздікке кедейлік, білім деңгейінің төмендігі, тұрақсыз жұмыс,  отбасының қолдау көрсетпеуі және өмірдегі траумаға соқтырған сәттер әсер етеді. Мұндай жағдайлар созылмалы стресс тудырады. Адамдарда мазасыздық, әлсіздік сезімі пайда болады. Осы кезде алкоголь кейде «стрессті жеңілдету» құралы ретінде қолданылады», - дейді аддиктолог. 

Нұрлыбек Тұрсынбековтің айтуынша, жастардағы өзіне сенімсіздік міндеттерді дер кезінде орындамау, ұмытшақтық, өзін төмен бағалау және жиі жұмыс орнын ауыстырудан байқалады.

- «Алкоголь миға әсер етіп, ингибиторлық процестерді күшейтіп (GABA жүйесі арқылы), алаңдаушылық пен кернеуді біраз уақытқа төмендетеді. Нәтижесінде жастар «өзімді жақсы сезінемін» деп ойлап, ми бұл байланысты есте сақтайды. Бұл алкогольге тәуелділікке алып келеді, - деді ол.

Маманның пікірінше, коммуникативтік дағдыларды дамыту және стресс жағдайында дұрыс стратегияларды үйрету жастар арасындағы тәуелділікті азайтуға көмектеседі.

- «Тәуелділіктің алдын алу үшін әртүрлі тәсілге жүгіну қажет. Білім беру, әлеуметтік қолдау және қоршаған ортаны өзгерту маңызды», - дейді Нұрлыбек Тұрсынбеков. 

 Статистика не дейді?

World Population Review (WPR) журналы жариялаған жаһандық статистикаға сәйкес, Қазақстан басқа Орталық Азия елдеріне қарағанда жан басына шаққандағы алкогольді тұтыну көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. 

Қазақстанда жылдық алкогольді ішімдіктерді  тұтыну көлемі шамамен 5,4 литрге бағаланды. Бұл көршілес елдерге қарағанда айтарлықтай жоғары, мысалы, Өзбекстанда тұтыну 2,1 литрге тең. 

Қырғызстанда жыл сайынғы тұтыну 3,9 литр болса, ал Тәжікстанда – 0,7 литр, Түрікменстанда тек 0,3 литр, яғни әлдеқайда төмен.