Қытай Қазақстанда зауыт салайын деп жатыр

Қалижан Бектемір
ашық дереккөз

Қазақстанда жылына 3 миллион тоннаға дейін болат өндіретін ірі металлургиялық комбинат салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 1,2 МЛРД ДОЛЛАР

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бұл бастама министр Арман Шаққалиевтің Қытайдың Фуцзянь провинциясына жасаған жұмыс сапары барысында талқыланған. Келіссөздер аясында қытайлық Fujian Hengwang Investment компаниясымен ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылды.

Жоба бойынша Қазақстан аумағында жылдық қуаты 3 миллион тоннаға дейін жететін болат өндіру зауытын салу көзделген. Инвестиция көлемі шамамен 1,2 миллиард долларды құрайды. Жоба іске асқан жағдайда 2,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өнімнің басым бөлігі ішкі нарыққа бағытталып, бір бөлігі экспортқа шығарылмақ.

Сонымен қатар, министрлік мәліметінше, Қытаймен бірлесіп бірқатар өндірістік жобаны дамыту мәселесі де қарастырылып жатыр. Атап айтқанда:

  • Jinyuan компаниясымен жіп иіру өндірісі,
  • Weihua Heavy Machinery-мен жүк көтергіш жабдықтар шығару,
  • Shenda Electric-пен трансформаторлар өндіру,
  • Jinlun Hi-tech Fiber-пен синтетикалық талшық өндірісін іске қосу жоспарланған.

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ?

Бұл жобалар қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған.

Министр Арман Шаққалиев Фуцзянь провинциясының Қытайдағы ірі өнеркәсіп және экспорттық орталықтардың бірі екенін атап өтті.

Біз Қытаймен тек орталық деңгейде емес, жекелеген провинциялармен де тығыз жұмыс істеп келеміз. Фуцзянь порттары арқылы Қазақстан өнімдерін Қытайдың оңтүстік өңірлеріне және АСЕАН елдеріне жеткізуге мүмкіндік бар, – деді министр.

QazTrade дерегінше, 2025 жылы Қазақстан мен Фуцзянь провинциясы арасындағы тауар айналымы шамамен 522 миллион долларды құраған.