Қытайға ақша аудару соңғы алты жылдағы минимумға түсті

Ulysmedia
Ашық дереккөзден

Ақпан айында қазақстандықтар халықаралық ақша аудару жүйелері  арқылы Қытайға 711,8 млн теңге жіберген. Бұл  соңғы алты жылдағы ең төмен көрсеткіш, деп хабарлайды ulysmedia.kz datahub-қа сілтеме жасап.

ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ ӘСЕРІ МЕ?

Ұлттық банк деректеріне сәйкес, бір жыл ішінде аударымдар көлемі номиналды түрде 29%-ға, ал нақты мәнде 37%-ға қысқарған.

Жалпы, ақпанда — дәстүрлі түрде ақша айналымы бәсеңдейді. Бұған маусымдық факторлар мен Қытай Жаңа жылының тойлануы әсер етеді. Бұл мереке қаңтардың соңы мен ақпанның ортасы аралығына түсіп, 15 күн бойы атап өтіледі, оның алғашқы аптасы Қытайда ресми түрде демалыс болып саналады. 2026 жылы мерекелік кезең 16 ақпаннан 3 наурызға дейін жалғасты. Алайда демалыс аптасы әрдайым  ақпанға түсе бермейді: соңғы алты жылда Қытай Жаңа жылы 2020, 2023 және 2025 жылдары ішінара қаңтарды да қамтыған.

РЕСЙЕГЕ АУДАРЫМДАР АРТТЫ

Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болғанына қарамастан, Қытай бұл жүйе арқылы ақша жіберілетін ең басты бағыт емес. 2025 жылдың қорытындысы бойынша оның үлесі жалпы аударымдардың 3%-ын ғана құрады. Ал көш басында Ресей тұр — 31%.

Ресейге аударымдар ақпанда жылдық есепте номиналды түрде 17%-ға, нақты түрде 5%-ға өсіп, 19,4 млрд теңгеге жетті.

Айта кету керек, Қытайға ақша аударымдары кеміп жатқаны соңғы тоғыз жылда байқалады. 2017 жылдан бері оның үлесі шамамен үш есеге азайған. Сонымен қатар Қытайға жіберілетін қаражат көлемі де төмендеген. 

Айта кетерлігі, ХААЖ арқылы аударымдардың нақты төмендеуі тек Қытайға ғана тән емес.

Қазақстаннан шетелге ақша аударымдары «Золотая Корона», Western Union, MoneyGram, UPT және басқа да жүйелер арқылы жүзеге асырылады. Ақпан айында барлық аударымдардың 82%-ы «Золотая Корона» жүйесіне тиесілі болды.