Алматыда Louis Vuitton және Nesquik контрафактісі тәркіленді

Қалижан Бектемір
Фото: Әділет министрлігі

Алматыда құқық қорғау органдары Louis Vuitton және Nesquik сауда белгілерін заңсыз пайдалану фактілерін анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Қалалық Әділет министрлігі ұйымдастырған тексеріс интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау аясында жүргізілді. Жедел іс-шара барысында киберполицемен бірлесіп Nesquik өнімдерінің жалған нұсқалары сатылып жүргені анықталды. Нәтижесінде нарықтан 2 мыңнан астам бірлік контрафакт өнім, жалпы құны 4 млн теңгеден асатын тауар тәркіленді.

Сонымен қатар жоспардан тыс тексеру барысында Louis Vuitton логотипін заңсыз қолданған киім-кешек және аксессуарлар да анықталды. Ведомство мәліметінше, тәркіленген өнімдер сапасыз, заңсыз сатылған және сотқа дейінгі әкімшілік материалдар дайындалған.

АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ

Әділет министрлігінің айтуынша, мұндай тексерістер құқық иелерінің мүддесін қорғау, әділ бәсекелестікті сақтау және контрафакті таратудың алдын алу мақсатында жүргізіледі.

Контрафакт өнімдер тек бренд құқықтарын бұзумен ғана шектелмей, адамдардың денсаулығына да қауіп төндіреді. Тамақ өнімдерінің жалған нұсқалары санитарлық нормалар мен сапа бақылаусыз өндірілуі мүмкін, қауіпті ингредиенттер немесе дұрыс емес маркировка болуы ықтимал. Ал киім-кешек пен аксессуарлардың жалған нұсқалары арзандау және сапасыз материалдардан жасалады, тез тозады, аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін және сатып алушыға қосымша шығын әкеледі.