«Крокус Сити Холлдағы» теракт: Мәскеу түрмесінде сотталушылардың бірі көз жұмды

Ulysmedia
Фото: REUTERS

Мәскеудің «Матросская тишина» түрмесінде «Крокус Сити Холл» концерт орталығында теракт жасады деп айыпталып, өмір бойына сотталған адам көз жұмды. Ресейдің Федералдық жазаны атқару комитеті сотталушының суицид жасағанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.

ТҮРМЕДЕГІ ӨЛІМ

Ресми мәлімдемеде марқұмның аты-жөні аталмады. Ресейлік БАҚ пен құқық қорғау органдарына жақын дереккөздер қазаға ұшыраған адам – 37 жастағы Тәжікстан азаматы Якубжони Давлатхон Юсуфзода деп хабарлады.

Тергеу материалына сәйкес, Юсуфзода «Крокус Сити Холл» концерт залына шабуыл жасаған адамдардың Мәскеу маңында тұруына қаржы аударған және шабуылдан кейін орындаушылардың біріне ақша жіберген. Өзі терактіге тікелей қатыспаған.

КОНТЕКСТ

Биыл наурызда Мәскеу қаласының әскери концерт орталығына шабуыл жасады деп айыпталған төрт адам мен оларға қолдау көрсетті деп айыпталған 11 адамды өмір бойынша бас бостандығынан айырған. Тағы төрт адамды 20 жылға соттаған.

 «Крокус Сити Холл» концерт залына 2024 жылы 22 наурызда белгісіз адамдар басып кіріп, көрермендерге оқ жаудырып, кейіннен ғимаратты өртеп жіберген. Салдарынан ресми дерек бойынша, 149 адам қаза тауып, 600-ден астам адам жараланған. Кейіннен бұл шабуылды «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының Ауғанстандағы тармағы саналатын «Хорасан уәлаяты» тобы мойнына алған. Ресей билігі бастапқыда шабуылға Украина билігін айыптаған. Бірақ Киев айыпты жоққа шығарған.