2026 жылғы ақпан айының қорытындысы бойынша Қазақстанда мектепке дейінгі мекемелер қызметтерінің орташа бағасы айына 30 мың теңгені құрады. «Мектепке дейінгі мекемелер» санатына балабақшалар, яслилер, үйірмелер, секциялар, түзету орталықтары және тағы басқалары кіреді. Ranking.kz зерттеуінше, бұл мемлекеттік балабақшалардың бағасы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, еліміздің 20 ірі қаласының 10-ында бағалар республикалық орташа деңгейден жоғары.
Ең қымбат мектепке дейінгі мекемелер қызметі Алматы қаласының тұрғындарына тиесілі: айына 38,2 мың теңге – бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен 27%-ға жоғары.
Екінші орында Астана қаласы тұр: 36 мың теңге – орташа деңгейден шамамен 20%-ға жоғары. Үшінші орында Қостанай қаласы: шамамен айына 36 мың теңге – бұл да орташа көрсеткіштен 19,4%-ға жоғары.
Ең жоғары бағалар тіркелген қалалар қатарына сондай-ақ Өскемен (35,7 мың теңге) және Павлодар (33,1 мың теңге) қалалары да кірді.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемелер қызметтерінің ең төмен бағасы Түркістан қаласында тіркелді: айына небәрі 12,7 мың теңге – бұл, мысалы, Алматымен салыстырғанда 66,7%-ға арзан. Салыстырмалы түрде төмен бағалар Таразда (19,3 мың теңге) және Қызылордада (19,4 мың теңге) да байқалды.
Бұл мемлекеттік балабақшалардың бағасы. Ал жекеменшік балабақшалар қызметінің құны әлдеқайда жоғары екені анық. Мұны олардың әлеуметтік желідегі жарнамаларынан да көруге болады.
Енді мектепке дейінгі мекемелер қызметтерінің бөлшек бағасының динамикасын қарастырайық. Жалпы ел бойынша 2026 жылғы ақпанда сектордағы орташа бөлшек бағалардың өсімі бір жылда 10%-ды құрады.
Мектепке дейінгі мекемелер қызметтерінің ең жоғары қымбаттауы Өскеменде тіркелді: бірден 40%-ға. Бағаның едәуір өсуі келесі қалаларда да байқалды:
Сонымен қатар, 20 ірі қаланың 7-сінде бұл сектордағы баға өсімі ел бойынша орташа көрсеткіштен төмен болды. Тағы 4 қалада бір жыл ішінде жағдай іс жүзінде өзгермеді, ал Қарағандыда керісінше бағаның аздап төмендеуі тіркелді: 0,5%-ға.
Осылайша, мектепке дейінгі мекемелер қызметтері бағасының деңгейінде де, олардың динамикасында да айқын теңсіздік байқалады. Сонымен қатар, кейбір қалаларда бағалардың жалпы инфляция деңгейінен әлдеқайда жылдам өсіп жатқаны алаңдаушылық тудырады.
Салыстырмалы түрде қарасақ, балабақша бағасы жалақы өсімінің динамикасынан әлдеқайда алда. Қазақстанда табыс әлдеқайда баяу өсуде, не мүлде өзгеріссіз қалып отыр. Ал өткен жылдың төртінші тоқсанында елімізде нақты жалақы тіпті теріс динамиканы көрсетті.