Қытайға барып, қайта алмай қалған Әлімнұр Тұрғанбай 2,5 жылға сотталды

Ulysmedia
ulysmedia.kz коллажы

Былтыр Қытайға жүк көлігін айдып барып, хабарсыз кеткен Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайдың Шыңжаңда 2,5 жылға қамалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.

2,5 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Әлімнұр Тұрғанбайдың Қытайда 2,5 жылға сотталғаны туралы Азаттық радиосына оның қызы Ұлжалғас Әлімнұр айтты.

«Біз екі ай бұрын әкеміздің Күнестің жаңа түрмесіне ауысқанын білеміз. Ол күніне екі сағат қытай тілін үйренеді және қалған уақытысында тігін зауытында жұмыс істетеді екен. Тамақ пұлын туысқандары төлейді. Өзіне ғана сот болған, туысқандары қатыспаған. Бізге СІМ мәлімдемеген, өзіне ғана сот ашылған. Бұл негізі заңсыз. 2,5 жылға сотталды деген, бірақ бізге ресми түрде қағаз келген жоқ», – дейді ол.

Ұлжалғас Әлімнұрдың сөзінше, Әлімнұр Тұрғанбайды інісі экранның ар жағынан көрген.

«Түрі бозарып кеткен және қол-аяғында кісен болған. Тамақ жақсы ма деген кезде, болады деген. Бірақ жақсы деп айтпаған», – дейді Ұлжалғас Әлімнұр.

КОНТЕКСТ

Әлімнұр Тұрғанбай былтыр шілдеде Қытайға жүк көлігін айдап барған. Отбасына оның шекарада ұсталғаны туралы бірге барған екі жігіт айтқан.

48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбай Қазақстанға отбасымен бірге 2016 жылы көшіп келген. Отбасында үш қызы бар. Өзі де, балалары мен әйелі де 2017 жылдан бері Қазақстан азаматы.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытай берген ақпаратқа сүйеніп қайтарған жауабында, Әлімнұр Тұрғанбайдың Қытай азаматтығынан шықпағаны, ал қос азаматтық екі елде де «заңсыз» екені туралы айтылған.

Әлімнұр Тұрғанбайдың әйелі Гүлдәрия Шерзат Қазақстан билігі араша болмай отырғанын айтып, бірнеше рет наразылық білдірген. Бірнеше рет полиция ұстап, айыппұл да салынған. Қазір ол «Атажұрт» белсенділерімен бірге қозғалған іс бойынша үйқамақта отыр.

Тіркелмеген «Атажұрт» ұйымының 19 белсендісінің үстінен «Ұлтаралық араздық қоздыру» бабы бойынша айып тағылған. Істің қозғалуына белсенділердің былтыр 13 қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында өткізген наразылық акциясы себеп болған.

Сол уақытта олар  Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің суретін ұстап шығып, Шыңжаңда түрлі желеумен ұсталып,  «түзету лагеріне» қамалған қазақтарды босатуды және екі ел арасындағы визасыз режимді жоюды талап еткен болатын.

Акция барысында белсенділер Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды Қытайдан талап еткен.

Белсенділердің соты Талдықорғанда жабық өтіп жатыр.