Ақтөбеде облыстық әкімдік ғимаратында болған өртке қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Өңірлік ТЖД өрттің алдын ала себебін атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Өрттен кейін әкімдік қызметкерлері уақытша қашықтан жұмыс істеу форматына көшірілген. Ғимаратта мыңнан астам адам еңбек етеді. Дегенмен, өңір билігінің мәліметінше, түстен кейін қызметкерлердің басым бөлігі жұмыс орындарына қайта оралып, қалыпты режимде қызметін жалғастырады.
- " Ғимараттың тек шатыры жанды. Алтыншы қабаттағы кабинеттерге келген зақым айтарлықтай емес. Түстен кейін мамандардың көп бөлігі өз жұмыс орнына оралады. Оған дейін мемлекеттік қызметтер онлайн, үздіксіз көрсетілед", - деп түсіндірді Ақтөбе облысы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлібек Байнешов.
Еске салсақ, өрт 7 сәуір күні кешке Әбілқайыр хан даңғылындағы алты қабатты әкімдік ғимаратында шыққан. Өртті сөндіруге 140-тан астам қызметкер және шамамен 40 техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрт толықтай кешкі сағат 22:00-ден кейін сөндірілді.
8 сәуірге қараған түні облыс әкімі Асхат Шахаров жедел штаб отырысын өткізіп, жағдайды бақылауға алды.