Белгілі журналист жалған ақпарат таратқанын мойындады

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

«QogamNews» және «Dinara Satzhan» жобаларында жұмыс істейтін блогер әрі журналист Тимур Асылханов халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ол бейнежазбада, бұған дейін 2026 жылғы 9 наурызда болған жолдағы жанжалға қатысты Instagram, Facebook, Threads және TikTok әлеуметтік желілерінде шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқанын мойындады. «Полиция қызметкерлерінің автоподставасы» деген атаумен жарияланған жазбаны көптеген пабликтер бөлісіп, өз парақшаларында таратқан.

Эмоцияға берілген

Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл жарияланым эмоциямен және болған жағдайды объективті бағаламай жасалды. Мен жалған мәліметтер айтып, аудиторияны жаңылыстырдым. Нақтысында, жолдағы жанжал менің екінші дәрежелі жолдан шығып келе жатып, басты жолмен келе жатқан Audi көлігіне жол бермегенімнен туындады. Осы әрекеттерім үшін апатты жағдай тудырғаным және жолдың жүру бөлігінде көліктен шыққаным үшін айыппұл салынды. Сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерін негізсіз және әділетсіз айыптағанымды мойындаймын. Бұл менің эмоцияға беріліп, жағдайды толық талдамай жасаған әрекетім болды,– дейді журналист.

Сондай-ақ ол жалған мәліметте айтылған Audi көлігінің жүргізушісінен шын жүректен кешірім сұрап, оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін мойындады.

Осыған байланысты, жалған ақпарат таратылған Audi көлігінің жүргізушісінен шын жүректен кешірім сұраймын. Өз әрекеттерім арқылы оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіргенім үшін қатты өкінемін. Сонымен қатар, жарияланымдарымда негізсіз атап, айыптаған полиция және ҰҚК қызметкерлерінен де кешірім сұраймын,– дейді Тимур Асылханов.

Жалған ақпараттың жауапкершілігі қандай?

Айта кету керек, Қазақстанда жалған ақпарат таратқандарға қатысты нақты заңнамалық жауапкершілік көзделген.

Ең алдымен, мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі аясында қарастырылады. Кодекстің 274-бабына сәйкес, жалған ақпарат тарату – қылмыстық құқықбұзушылық болып саналады. Яғни, егер адам ақпараттың шындыққа жанаспайтынын біле тұра оны жариялап, оның салдарынан қоғамға, мемлекетке немесе жекелеген азаматтарға зиян келсе, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай жағдайда айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту, бостандығын шектеу немесе бірнеше жылға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Егер жалған ақпарат ауыр салдарға әкелсе, жаза да қатаңдай түседі.

Сонымен қатар, кейбір жағдайларда жалған ақпарат тарату әкімшілік құқықбұзушылық ретінде бағалануы мүмкін. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі нормалары қолданылады. Әдетте мұндай істерде қоғамға келтірілген зиян көлемі аз немесе дәлелдеу деңгейі төмен болған жағдайда айыппұл түріндегі жаза қарастырылады.

Жалған ақпарат нақты бір адамның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтірсе, мәселе азаматтық-құқықтық тәртіппен де қаралады. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі бойынша жәбірленуші сотқа жүгініп, жалған ақпаратты теріске шығаруды, сондай-ақ моральдық зиянды өтеуді талап ете алады.