Ресей Украинаға қарсы атысты уақытша тоқтататын болды

Ulysmedia
com.tr

Ресей президенті Владимир Путин пасха мерекесінде Украинамен арада атысты уақытша тоқтатуға келісті. Бұған дейін бұндай келісімді Украина президенті Владимир Зеленский ұсынған, деп хабарлайды Ulysmedia.

УАҚЫТША БІТІМ

Владимир Путин пасха мерекесінде атысты уақытша тоқтатанын мәлімдеді. Мереке 11-12 сәуірде болады.

Кремль сайтында жариялаған ақпаратқа қарағанда, ұрыс қимылдарын «барлық бағыттар бойынша» уақытша тоқтату жөніндегі нұсқау қорғаныс министрі Андрей Белоусов пен бас штаб басшысы Валерий Герасимовқа берілген.

«Әскерлер қарсы тараптың ықтимал арандатушылық әрекеттерінің, сондай-ақ кез келген агрессиялық қимылдарының жолын кесуге дайын болуы тиіс. Біз Украина тарапы да Ресей үлгісін ұстанады деп үміттенеміз», — делінген мәтінде.

Сонымен қатар, 9 сәуір күні Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков пасха мерекесіне орай жарияланған уақытша бітімге қатысты пікір білдіріп, «қазіргі таңда жоғарғы бас қолбасшы ешқандай шешім қабылдаған жоқ» деп мәлімдеген.

КОНТЕКСТ

Сәуірдің басында Украина президенті Владимир Зеленский Ресейге бірнеше мәрте пасха мерекесі кезінде атысты уақытша тоқтату туралы ұсыныс жасалғанын, бірақ барлығында да Мәскеу одан бас тартқанын мәлімдеген.

Владимир Путин былтыр да пасха мерекесі күні уақытша бітім жариялаған. Украина оны одан әрі созуға ұсыныс жасаған. Бірақ арада бір күн өткенде Киев Мәскеуді атысты тоқтату туралы келісімді бұзды деп айыптаған. Ресей керсінше Украинаны кінәлаған.