«Алғыс айтар едім»: депутат атышулы «имамнан» сұхбат алған журналисті қолдады

Анар Лепесова
Ulysmedia.kz коллажы

Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Олжас Құспеков «әйелімді шәкіртіме сыйладым» деп мәлімдеген «имамнан» сұхбат алған журналист Жанар Байсеміздің әрекетін құптайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДІНИ БАСҚАРМАҒА ҚАТЫСЫ ЖОҚ АДАМ

Депутат қоғамда резонанс тудырған дін өкілінің мәлімдемесі жайлы пікір білдіріп, қоғамда мұндай тенденциялардың болғанын қаламайтынын жеткізді.

– Қоғамда әр түрлі таптар болады. Біреу ішімдік ішеді, біреу нашақор дегендей. Сол сияқты діни көзқарасы зайырлы қоғамның ұстанымымен қабыспайтын азаматтар бар. Сіз айтып отырған кісі имам аталғанымен, діни басқармаға қатысы жоқ адам. Оның қандай мақсаты барын білмеймін, бірақ қоғамда мұндай тенденциялардың болғанын қаламаймын, – дейді ол.

ЖУРНАЛИСТІҢ ӘРЕКЕТІ НЕЛІКТЕН ҚҰПТАРЛЫҚ?

Десе де, Олжас Құспеков қоғамды шулатқан «имамнан» сұхбат алған журналиске айыппұл салынуын дұрыс деп санамайды.

– Мен, керісінше, қоғамнан сондай проблеманы шығарғаны үшін журналиске алғыс айтар едім. Хайп қууды көздеді ме, басқа ма – білмеймін, бірақ халықтың ортасында осындай құбылыстар болып жатқанын көрсеткені құптарлық. Ермұрат Бапи осы мәселе жөнінде депутаттық сауал жолдап, мәжілісте кеңінен талқыланды. Бұл жайт бізге президенттің неліктен  Конституцияны өзгертейік деген бастама көтергенін түсіндіріп бергендей. Біріншіден, Ата Заңда мемлекет діннен бөлек деп нақты көрсетілді. Екіншіден, бұдан былай заңсыз некелердің құрылуына жол берілмейді, – дейді мәжілісмен.

ДАУЛЫ СҰХБАТ

Еске сала кетейік, теолог ғалым Құрбанәлі Ахмет Жанар Байсемізге берген сұхбатында екінші әйелін өзінің сұрауымен шәкіртіне қосқанын айтқан еді. Сондай-ақ ол әйелін қайын атасы «сыйлағанын» және оны бірінші әйелінің рұқсатынсыз алғанын мәлімдеген. Екінші әйелінен бес баласы бар.

Құрбанәлі Ахметтің айтуынша, біраз уақыттан кейін отбасында жанжал туындап, екінші әйелі ажырасуға ниет білдіріп, басқа адамға тұрмысқа шығатынын айтқан. Осыдан кейін ол әйелін өзінің шәкірттерінің біріне тұрмысқа берген.

Мәжіліс отырысында Ермұрат Бәпи осы мәселеге байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысын қайта қарау қажет екенін мәлімдеді.