Алматы қаласында белгілі ақын Темірхан Медетбектің жылдық асы өтті. Еске алуға Иманғали Тасмағамбетов те қатысқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы жазушылар одағының мүшесі Серік Сейтман Facebook желісіндегі парақшасына жазды. Ол жылдық асты жүргізгенін айтып, бейнежазба жариялады.
Бүгін Алматыда болдық. Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Ақиқаттың алдаспаны» атанған ақын, марқұм Темірхан Медетбек ағамыздың жылдық асын жүргізу бізге нәсіп болды. Көзі тірісінде ізінен ерген інісі ретінде көп қолдауын көрдік. Сол себепті Шолпан апай аттай қалап хабарласқан соң, қызмет етуді азаматтық парыз санадық. Бір әдемі, жып-жылы еске алу кеші өткендей болды,– деді Серік Сейтман.
Жылдық асқа кімдер қатысты?
Темірхан Медетбек көзі тірісінде қоғамдағы маңызды саяси тақырыптарға пікірін ашық білдіріп отырды. 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасын тәуелсіз зерттеу бойынша құрылған комиссия құрамына кірген. 2016 жылы Жер мәселесі ушыққан кезде де пікірін ашық айтқан зиялылар қатарында болды.
Ақынды еске алуға Иманғали Тасмағамбетов, Икрам Адырбеков, Ақұштап Бақтыгерреева, Қазыбек Иса, Ұлықбек Есдәулет, Асхат Оралов сынды қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар қатысқан.
Темірхан Медетбек ағамыздың жылдық асына жиналғандарға ол кісі жайлы қос кітап үлестірілді. Екеуі де жаңа. Екеуі де інілерінің демеушілігімен және редакторлығымен жарық көрген. Біріншісі, Серік Тәукебаевтың «Көк түрік – Темірхан». Екіншісі, Рақымғали Құл-Мұхаммед жазған «Ақиқаттың алдаспаны»,– деп жазды Серік Сейтман.
Тасмағамбетов зейнеткерлікке шықты ма?
Кезінде халықтың ықыласына бөленген саясаткер қазір көп жерде бой көрсетпейді. Ол 2019 жылдың 18 желтоқсанында ҚР Ресей Федерациясындағы елшісі қызметінен зейнет жасына байланысты босатылған еді. Кейін 2023 жылдың қаңтарынан бастап Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) Бас хатшысы қызметін атқарды. Ол қызметтен де биыл 1 қаңтарда кетті.