Жанәбілов сотта барлық блогерлер үшін жалғыз өзі жауап беріп жатқанын айтты

Ulysmedia
Коллаж Ulysmedia.kz

Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кезекті сот отырысында Ерболат Жанабылов жауап берді. Оның айтуынша, ол гивтер мен түрлі ұтыс ойындары индустриясындағы негізгі кінәлі ретінде көрсетілген.

Сотта ол өзіне тағылған айыптармен толық келіспейтінін мәлімдеді. Жанабылов Қылмыстық кодекстің 214-бабы (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша кінәсін ішінара мойындайтынын, алайда 218-бап (қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру) бойынша айыптауларды қабылдамайтынын айтты.

Сондай-ақ, ол тергеу басталғанға дейін өз әрекеттерінің құқықтық салдарын толық түсінбегенін жеткізді. 

- «Мен 214-бап бойынша өз кінәмді мойындаймын, ал 218-бап бойынша  келіспеймін. Ол кезде мен жағдайды толық түсінбедім, тек тергеу басталғанда ғана мән-жайды ұға бастадым. Бар болғаны 560 мың теңге туралы сөз болып отыр. Алайда бұқаралық ақпарат құралдарында бұл жағдай миллиардтарды заңдастыру сияқты етіп көрсетілді. Бұл шындыққа жанаспайды», – деді Ерболат.

Айыпталушының пікірінше, мұндай ұтыс ойындары мен гивтерді тек өзі ғана емес, басқа да блогерлер жүргізген. Ол әлеуметтік желілерде бұл тәжірибенің кең таралғанын алға тартты.

- «Мені қылмыскер етіп көрсетті, тура бір адам өлтіргендей. Жеті ай өтті, әлі ештеңе түсінбеймін. Мен жай ғана уайымдап тұрмын, өз ойымды айтқым келеді. Бізді қалай қаласа, солай көрсетіп қойды. Бұл саланың қалай жұмыс істейтінін өздеріңіз де көріп отырсыздар — қазір әркім өз басын күйттеп кеткен. Қазіргі таңда мен барлық блогерлер үшін жалғыз өзім жауап беріп жатқандаймын. Солай болып тұр. Сіздер тек біз ғана ұтыс ойындары мен гивтер өткізді деп ойлайсыздар ма? Ондайлар өте көп. Егер өздеріңіз көрмесеңіздер, жақындарыңыз міндетті түрде Instagram-да көрген. 10–20 минут уақытыңызды бөліп, біздің парақшаға кіріп, өздеріңіз бағалап көріңіздер», – дейді ол. 

Еске салайық, блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214 және 218-баптары бойынша айып тағылған. Бұған дейін өткен сот отырыстарында блогерлер Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртаза куәлік берген болатын. Олар да әлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын ұйымдастырып, электронды коммерция бойынша курстар сатқанын мәлімдеген.

Ulysmedia.kz тілшілері сот процесінің барысын бақылап отыр.