13 сәуір күні түнде Астанадағы Нұра ауданы Күлтегін көшесінде орналасқан он қабатты тұрғын үй отқа оранды. Елордалық өрт сөндірушілер электр қалқанынан шыққан тілсіз жауды жылдам ауыздықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, алғашқы өрт сөндіру көліктері келген кезде подъезде қою түтін байқалған.
Өрт сөндіру оқпандары жедел түрде берілді, өртті толық сөндіру үшін барлық шаралар қабылданды. Судың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілді. Тұрғындарды эвакуациялау жүргізілді,– делінген ақпаратта.
БЕС АДАМ АМАН ҚАЛДЫ
Белгілі болғандай, ТЖМ күштері автосатының көмегімен 3 адамды құтқарды, олардың 2-еуі – балалар. Сондай-ақ баспалдақ марштары арқылы құтқару қалпақшаларын қолдана отырып 2 адам құтқарылды, олардың бірі – бала.
Өрт 21:52-де толықтай сөндірілді. Нақтыланған мәлімет бойынша, электр қалқаны шахтасында өрт бірінші қабаттан оныншы қабатқа дейін болған. Себебі анықталуда,– дейді ТЖМ баспасөз қызметі.
ҮШ БАЛАНЫҢ ӨЛІМІ
Еске салайық, 12 сәуірге қараған түні Астана қаласындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шыққан болатын.
Өртті сөндіру барысында құтқарушылар пәтер ішінен денесін күйік шалған әйелді алып шығып, жедел жәрдем қызметіне тапсырған. Қазір ол №1 көпсалалы қалалық ауруханада, жансақтау бөліміне жатыр.
Өкінішке қарай, оқиға орнынан үш кәмелетке толмаған баланың денесі табылды. Тұрғындардың айтуынша, 13-пен 5 жастағы қыз және 2-дегі ұл бала ажал құшқан.
Куәгерлердің сөзінше, өрт шыққанда балалардың әкесі үйде болмаған. Тұрғындар оның көшеде жылап тұрғанын айтты.