Алматы зообағында қыста туған қос қонжық вольерге шықты

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөздерінен

Алматы хайуанаттар бағында ерекше қуанышты жаңалық тіркелді. Тянь-Шань қоңыр аюларының жұбы  Құрманбек пен Герда екі бірдей қонжықты дүниеге әкелді,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мамандардың айтуынша, қонжықтар жыл басында, 1 қаңтар күні туған.

Жаңа туған аюлар әдеттегідей әлсіз болып келеді: олар алғашында соқыр, саңырау және жүнсіз болады. Қыс бойы қонжықтар анасының жанында жылы үйшікте болып, сүтпен қоректеніп, зообақ қызметкерлерінің бақылауында өскен.

Қазіргі уақытта қонжықтар есейіп, белсенді бола бастаған. Анасы Герда оларды үлкен вольерге шығарып жүр. Мамандар олардың жағдайы жақсы екенін айтады.

Зообақ әкімшілігі дәстүр бойынша тұрғындарды қонжықтарға ат қоюға қатысуға шақырады. Белгілі болғандай, қонжықтардың бірі — еркек, екіншісі — ұрғашы.

Қала тұрғындары мен қонақтары зообаққа келіп, жаңа туған сүйкімді қонжықтарды тамашалай алады.