«Қазгидромет» синоптиктері 15 сәуір күні Қазақстан аумағында тұрақсыз ауа райы болатынын болжайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды
Метеорологтардың мәліметінше, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Атап айтқанда, батыс, солтүстік және орталық өңірлерде, сондай-ақ оңтүстіктің таулы аймақтарында жауын-шашын мол түсіп, бұршақ жауып, екпіні күшті жел соғады.
"Еліміздің солтүстігінде жауын-шашын аралас болады – жаңбыр және қар",– деп хабарлады "Қазгидромет" РМК.
Сонымен қатар республика бойынша тұман, екпіні күшті жел, ал оңтүстікте шаңды дауыл болжанып отыр. Солтүстік өңірлерде көктайғақ та болуы мүмкін.
Маңғыстау облысында, сондай-ақ солтүстік пен шығыста желдің жылдамдығы секундына 30 метрден асатын өте қатты дауыл күтіледі.
"Бірнеше өңірде: Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында, Жетісу облысында, Қарағанды облысында және Абай облысында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады", – делінген "Қазгидромет" баспасөз қызметінің хабарламасында.
“Бесқонақ” қандай амал?
Сәуірдегі күннің күрт сууын халық арасында “Бесқонақ” деп атайды. Сәуірдің 5-інен бастап бес күн бойы ай тоғысады. Осы ай тоғамына қарап, қазақ алдағы бір жылдың ауа райын болжап отырған. Оның басталу уақыты әр өңірде әр түрлі. Бір аймақта бұл құбылыс 17-23 сәуірде болса, басқа бір өңірде сәуірдің 8-і кіріп, 18-шығады деп болжаған. Ал, батыс аймақта "бесқонақ" 13-18 сәуір аралығында болады.
"Бесқонақ" келгенде күн суытып, қыс қайта басталғандай дала борап, жаңбырлатып тіпті қар да жауады. Осы күндері қазақ сапарға шықпаған, малды да алыс жерге жаймаған. Себебі бұл күндері ауа райын болжау қиын. Алдағы үш күнде елімізде осындай тұрақсыз ауа райы күтілуде.