Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры, әлеуметтік желіде кең танылған блогер Ақмоншақ Нұртаза белгілі продюсер Баян Алагөзова ұйымдастырған «Алтын ханым» жобасында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖЕҢІС ПЕН АЛҒЫС
TikTok-тағы видеоларымен танылған мектеп басшысы – жобаға қатысқан 21 ханымның бірі. Республика сарайында өткен ақтық кезеңде ол көрермендердің дауыс беруі нәтижесі «Алтын ханым – 2026» титулын иемденді. Жоба ұйымдастырушысы Баян Алагөзова оған жеңімпаз тәжін кигізіп, 3 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыстады.
Ақмоншақ Нұртаза бұл қаржыны әйелдерді қолдауға бағытталған әлеуметтік бастамаға жұмсауға ниетті.
«Бүгінгі жеңіс – менің ғана емес, мені шын жүректен қолдаған әрқайсыңыздың жеңісі. Осы жолда бір сәт те жанымнан табылып, дауыс беріп, жақындарыңызға айтып, қолдау көрсеткен баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін. Сіздердің сенімдеріңіз маған күш берді, ал махаббаттарыңыз жүрегіме үміт сыйлады. Бұл жеңіс – үлкен жауапкершілік, үлкен аманат. Мен үшін бұл тек бастамасы… Алда әлі талай әдемі белестер бар деп сенемін. Жанымдағы әрбір жанға рахмет!», - деп жазды желідегі парақшасында.
БАЛА КҮТУШІСІ ЖӘНЕ АСПАЗ
Жобаның желідегі парақшасында ұйымдастырушылар Ақмоншақ Нұртазаны төрт диплом иегері, тәжірибелі педагог, мектеп басшысы әрі блогер деп таныстырған. Сондай-ақ, 35 жастағы директор – 4 бала өсіріп отырған көпбалалы ана.
«Алтын ханым» байқауында өзін таныстырған видеода Ақмоншақ Нұртаза алғаш 4 жасында мектепке барғанын, 9-сыныптан кейін Астанаға гуманитарлық колледжге оқуға түскенін айтады. Анасының бағыттауы бойынша мұғалімдік жолды таңдаған. 3-курста тұрмысқа шығып, отбасы мен оқуын және жұмысын қатар алып жүрген.
«Жолдасым мені үнемі қолдайтын. Колледжден кейін бакалаврға, магистратураға түстім. Екінші жоғары білім алдым. Қазір докторантурада оқып жүрмін. Үйде декретте отырып көрмеген адаммын. Астанада өмір сүру оңай емес, басымызда несие көп болды. Бір декреттік демалысымда баланы қырқынан шығарған бойда бала күтушісі болып жұмыс істедім. Ол кезде әкімшілікте жұмыс істеп, 40 мың теңге жалақы алатынмын. Еуразия ұлттық университетінде магистратурада оқимын. Бірақ түр бермеймін, мүлдем жағдайымыз жоқ еді. Түнде үй салқын болатын, балаларды курткамен ұйықтатынбыз. Жолдасым түнімен такси болады. Сол сәттер өміріміздегі қиын кезең болды. Бірақ мойымадық, болашаққа сендік», – дейді ол.
Айтуынша, Астана қаласының білім басқармасына қарасты әдістемелік орталықта бөлім басшысы болып жүргенінде карантин жарияланып, жұмыссыз қалған.
«Сол уақытта бір құрылыс алаңында 8 ай аспаз болдым. Эгомды сындырған сәттер еді. 3-4 сағаттық ұйқымен жұмыс істеймін деп денсаулығыма зиян келтіріп алдым. Бауыр циррозы деп диагноз қойдым. Бірақ ол мені сындырған жоқпын. Қазір күліп еске аламын. «Кірпіш зауытын берсе, оны да басқара аламын» деп әзілдеймін. Қандай қиын сәт болса да адам өзін тұрғызуы керек деген ұранмен жүрем», – дейді мектеп директоры.
КРЕАТИВ ДИРЕКТОР
Оқушымен бір толқында болу идеологиясын ұстанатын ұстаз бір кездері желідегі видеолары үшін сынға қалған еді. «Білімді сайқымазақ қылдыңдар ма?», «TikTok түсіру мұғалімге жат нәрсе» деген пікірлер көп болған. Алайда жаңашыл басшы өзінің мақсаты білімді келеке ету емес, керісінше, балалармен бір «вайбта» болып, олардың мектепке, ұстазға деген махаббатын ояту екенін айтады.
«Бұл белсенділіктің арғы жағында тек өзімнің танымал болуымды арттыру ғана емес, білім саласында үлкен өзгеріс қажет екенін, қоғамдағы ұстаздардың орны жоғары екенін көрсету мақсатын ұстандым. Яғни өзгерген ұрпақ, альфа ұрпақтың көңілін аудару, оларды өзіме қарату арқылы балаларға білімді насихаттауды көздедім. Баламен бір толқында болу олардың сенімін арттырып, білімге деген құштарлығын дамытатын бірден-бір фактор деп түсінемін», – дейді Ақмоншақ Нұртаза.
Директор өз мектебінің оқушыларымен желіге түрлі контент жасайды. Ертегі кітаптарын оқып талқылайды. Жарыстардан жеңімпаз болған оқушылармен «директормен шай» атты айдар жасаған. Оқушылармен жиі бас қосып, түрлі тақырыпта әңгімелеседі.
Мектеп басшысын желідегі танымалдығын арттырған видеолардың бірі – оқушылармен бірге Димаш Құдайбергеннің әніне түсірілген тренд былтыр қаралым саны жөнінен көш бастап, Лондонға жолдама ұтып алған.
Ақмоншақ Нұртаза оқушылармен бір толқында болғанының оң нәтижесі көп екенін айтады. Мәселен, биыл ол басқаратын мектептің 14 түлегі «Алтын белгіге» үміткер. Сондай-ақ, білім ордасындағы «Құлагер» театры қалалық деңгейде үлкен қойылымдар қойып жүр. Мектеп өнерпазы былтыр Түркияда болатын халықаралық би жарысына жолдама алған.
-10 КЕЛІ САЛМАҚ
Ақмоншақ Нұртаза бүгінде «Алтын ханым» жобасы басталғалы 10 келі салмақ тастаған. Өзіне қатаң талап қойған жоба қатысушы 1 айда мұндай нәтижеге жету оңай болмағанын айтады. Бірақ «Алтын ханым» атағына лайықты болу үшін жасалған бұл қадам оның ерік-жігерінің қаншалықты мықты екенін көрсетті.
«Бұл әлеуметтік жобаның бір бөлшегі болу оңайға соққан жоқ, бірақ нәтижесі көңіл қуантады», – дейді ол.
«АЛТЫН ХАНЫМ» ҚАНДАЙ ЖОБА?
Айта кетейік, «Алтын ханым» байқауы осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Оны белгілі продюсер Баян Алагөзованың BM PRODUCTION компаниясы ұйымдастырады. Байқауға әр салада жетістікке жеткен отбасылы әйелдер қатысады. Дайындық кезінде қатысушылар қатаң тәртіп бойынша дайындалады. Ұйымдастырушылар дайындықтың жоғары дәрежеде болуына, сахналық образдардың, хореографияның кәсіби деңгейде болуына мән береді.
Жыл сайын көрермендердің дауыс беру нәтижесі арқылы үздік деп танылған қатысушы «Алтын ханым» титулын иемденеді. Былтыр бұл атақ белгілі кондитер, кәсіпкер әрі блогер Самал Асановаға бұйырған.