Жүйеден шыққан оппонент: қарапайым заңгер венгрлердің басты үмітіне қалай айналды

Анар Лепесова
Ulysmedia.kz коллажы

Венгриядағы парламент сайлауында айқын басымдықпен жеңіске жеткен «Тиса» партиясы мен оның көшбасшысы Петер Мадьяр үш күннен бері әлем аузында. Сарапшылардың пікірінше, оның жеңісі – жай ғана биліктің ауысуы емес, қоғамның жаңа тұлғаларға, жаңа саяси құралдарға деген сұранысын көрсетеді.

ӨЗГЕРІСТІ АҢСАҒАН ҚОҒАМ ЖӘНЕ «КӨКТЕМГІ ЖЕЛ» СИМВОЛЫ

Мадьярдың сайлауалды кампаниясы Венгрияда ерекше құбылысқа айналды. Саясаткердің жақтастары оны«көктемгі желге» теңейді. Венгрлер сүйіп тыңдайтын Tavaszi szél халық әні митингілердің бейресми гимніне айналуы кездейсоқ емес. Орбан басқарған жылдары саяси жүйе бір орталыққа шоғырланып, балама күштердің әлсірегені жиі айтылып келді. Сондықтан Мадьярның саяси аренада пайда болуын көпшілік жаңа леп деп қабылдады.

Алайда венгрлердің бәрі бірдей оптимист емес. Сыншылар оны «Орбанның жаңартылған нұсқасы» деп бағалап, нақты өзгеріс боларына күмән келтіреді.

фото: rg.ru

ЖҮЙЕ ІШІНЕН ШЫҚҚАН ОППОНЕНТ

Петер Мадьяр – дәстүрлі саясаткерлерге ұқсамайтын фигура. 45 жастағы заңгер саясатқа кештеу келгенімен, аз уақытта халықтың үлкен қолдауына ие болды. Саясаттанушылар мұны оның жеке харизмасымен емес, қоғамның ескіліктен мезі болуымен байланыстырады.

Соңғы жылдары әлемде технократтар мен кәсіби ортадан шыққан саясаткерлердің рөлі артып келеді. Мадьяр да дәл осы толқынның өкілі: ол өзін идеологтан гөрі менеджер, жүйені «жөндеуші» ретінде көрсетеді.

Мадьярдың саяси феноменін түсіну үшін оның өткеніне зер салу маңызды. Ол 1981 жылы Будапештте заңгерлер отбасында дүниеге келген. Атасы – Жоғарғы сот судьясы әрі тележүргізуші, ал жақын туысы, апасының бауыры Ференц Мадл 2000-2005 жылдары Венгрия президенті болған.

Мадьяр да заң саласын таңдады: Будапештте білім алып, кейін Humboldt University of Berlin университетінде оқыды. Еңбек жолын сот жүйесінен бастап, кейін халықаралық құқық саласында жұмыс істеді. Яғни, ол – сырттан келген популист емес, жүйенің қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін инсайдер.

ОРБАН ЫҚПАЛЫНАН – САЯСИ ҚАРСЫЛАСҚА ДЕЙІН

Мадьярдың саяси жолы парадоксқа толы. Оң-солын танып үлгермеген жігіт шағында Орбанмен кездесіп, оның идеяларына қызығушылық танытқан. 2002 жылы «Фидес» партиясына қосылып, оның құрамында 20 жылдан астам уақыт болды.

Бірақ уақыт өте келе көзқарасы өзгереді. Әсіресе 2024 жылғы саяси және қоғамдық даулардан кейін ол билікті ашық сынап, партиядан шықты. Орбан жүйесінің қорғаушысы оның басты сыншысына айналып шыға келді.

БІР СҰХБАТТАН БАСТАЛҒАН СЕРПІЛІС

2024 жылы Мадьярдың тәуелсіз YouTube арнасына берген сұхбаты елдегі саяси ахуалды күрт өзгертті. Ол нақты фактілерден гөрі, билік жүйесінің ішкі логикасын, шешім қабылдау механизмдерін ашық сипаттады.

фото: Getty images

Оның сөзі қоғамға «сырттан айқайлаған» оппозиционердің емес, «іштен көрген адамның» пікірі ретінде әсер етті. Бұл  сұхбат оның қоғамдағы салмағын арттырып,  аз уақытта ұлттық деңгейдегі саяси фигураға айналдырды.

ШАҒЫН ҚОЗҒАЛЫСТАН АЛПАУЫТ КҮШКЕ АЙНАЛҒАН «ТИСА»

Мадьяр жаңа партия құрған жоқ. Дайын платформаны пайдаланды. Бұрын маргинал саналған «Тиса» партиясы оның келуімен аз уақытта елдегі негізгі саяси күшке айналды. Сарапшылар партиядан гөрі тұлғаның факторы шешуші рөл ойнағанын айтады. Мадьяр елді аралап, күніне бірнеше кездесу өткізіп, сайлаушылармен тікелей байланыс орнатты. Нәтижесінде бұрын белгісіз ұйым бүкілхалықтық қозғалысқа айналды.

Сайлау қорытындысы соның дәлелі: «Тиса» парламенттегі 199 орынның 138-ін алып, конституциялық көпшілікке ие болды.

ВЕНГРЛЕР МАДЬЯРДАН НЕ КҮТЕДІ?

Мадьярдың жеңісін бір ғана фактормен түсіндіру қиын. Саясаттанушылар бірнеше негізгі себепті атайды: қоғамның ұзақ жылдар бойы өзгеріс көрмеуден шаршауы, жемқорлыққа қарсы өткір риторика, әлеуметтік және аймақтық мәселелерге назар аударуы, жаңа, «таза» тұлғаға деген сұраныс.

Бірақ ең маңыздысы – үміт. Көпшілік үшін Мадьяр өзгерістің символына айналды.

Дегенмен, саяси жеңіс – ұзақ жолдың басы ғана. Петер мырзаның алдында әлдеқайда күрделі міндет тұр. Оның жеңісіне бөркін аспанға атып қуанған венгрлердің басты қалауы – Орбан билігі жылдар бойы құрған ескі жүйені өзгерту.

Сыртқы саясатта да сұрақ көп: Будапешттің Еуроодақпен қарым-қатынасы қалай өзгереді, Украина мәселесінде қандай ұстаным болады? Парламент құрамы жасақталып, премьер өз кабинетіне жайғасқан соң бәрі айқындалмақ.