Қалың малға 10 түйе, 10 жылқы: Құдалар сыныптас болып шықты

Ulysmedia
фото: ЖИ

Жамбыл облысындағы Құлан ауылында болған той желіде қызу талқыланып жатыр. Ақтаудан келген құдалар қалың малға 10 түйе мен 10 жылқы әкеліпті. Ulysmedia.kz тілшісі той иелеріне хабарласты.

ҚҰДАЛАР КЛАСТАС

Құландағы бұл оқиға әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырып, қазақы салт-дәстүрдің заманауи сипатын жаңғыртқандай. Сән-салтанаты келіскен керуеннің көрінісі көпшіліктің назарын аударып, «мықтының ісі» ретінде де, дәстүрді дәріптеу ретінде де бағалануда.

Қызымыз Алматыда оқиды. Ал күйеу баламыз Астанада жұмыс істейді. Екеуі өздері танысып, тіл табысыпты. 3 ақпан күні маңғыстаулық құдалар келіп, қызымызға сырға салды. Күні кеше ұзату тойын өткіздік. Бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылды,– дейді той иесінің нағашысы Жиенгүл апа.

Оның айтуынша, қалыңдықтың жасы 19-да, үйінің тұңғышы. Өзінен кейін інісі бар. Ал күйеу бала 29-да екен. Бір қызығы қыздың әкесі мен жігіттің анасы – кластас. Екеуі бір мектепте, бір сыныпта оқыған. Жас кездерінде бір-біріне: «Кейін балаларымызды үйлендірейік», деп қалжыңдап жүріпті. Құдағи өз сөзінде, сол тілегінің орындалғанын тілге тиек еткен.

«ӘКЕЛЕТІНМЕН. ОЛ ЖАҒЫН УАЙЫМДАМАҢЫЗ»

Ауылдың 78 жылғы азаматтары құрдастарының тойына көмектесіп, құда күтті. 10 түйе, 10 жылқы тек қалың мал емес, “ана сүті” де осының ішіне қосылған. Маңғыстауда “әке күші” деген болмайды екен. Басында соншама малды бір облыстан, екінші облысқа қалай жеткізеді деп ойлағанбыз. Бірақ құда: «Әкелетін – мен. Ол жағын уайымдамаңыз», деп қысқа қайырыпты. Бірінші жылқылар, одан кейін түйелер келді. Ал киіттер мен заттарды арнайы арбаға салып әкелді, – дейді Жиенгүл апа.

Ал жігіт жақтың тойы сәуір айының соңында өтеді. Қалыңмалына қарай қыз да керемет жасау дайындапты.

Тойды бүкіл Жамбыл облысы көріп, қызыға айтып жатыр. Әрине, қызымыздың алысқа кеткеніне ішіміз ашиды,– дейді Жиенгүл апа.

P.S: Айта кетері, бір жылқының нарықтағы құны шамамен 500-600 мың теңге. Ал түйе 500 мың мен 1,8 миллион арасында бағаланады. Демек, қалың мал ақшалай 15-17 миллион теңгеге шығып тұр.