15 сәуір елімізде Қозы көрпеш – Баян сұлу күні атап өтіледі. Ulysmedia.kz тілшісі Мәжіліс депутаттарына «ғашықтар күнін тойлайсыз ба?» деген сауал қойды.
- «Бүгін пленарлық отырыс өтті. Одан кейін сағат 14:00-де сарапшылармен кездесуім бар. 15:00-де өзім авторлық еткен мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы заң жобам бар. 16:30-да жол саласын цифрландыруға қатысты заң жобасы, ал 17:00-де сайлау туралы заң жобасы талқыланады. Қазір осы жұмыстармен айналысып жатырмын, әрі қарай қалай болатынын уақыт көрсетеді. Ал махаббатқа келсек, «ғашықтың тілі – тілсіз» дейді ғой. Сондықтан әр адамның сезімі, махаббаты, діни нанымы — оның жеке жүрегіндегі мәселе деп ойлаймын», - дейді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутаттардың кейбірі бұндай мереке бар екенін білмейді. Бірақ ондай мейрамның болғанын қолдайды.
- «Бүгін ғашықтар күні екенін білмейді екенмін. Ал оған көзқарасым жақсы. Жастарға ұнап жатса, неге тойламасқа?», - дейді Максим Рожин.
Кейбір депутаттар әр халықтың өзіне тән мерекесі болатынын айтады. Сол себепті дәстүрге сай ғашықтар күні болса, оның ешқандай оғаштығы жоқ дейді.
- «Ғашықтар күні туралы пост жазайын деп едім. Біз болашақ жарыммен тура 40 жыл бұрын, студент кезде таныстық. Сол уақытта студенттер арасында «жалған той» жасау дәстүрі болатын. Достарымыз бізді қалыңдық пен күйеу етіп таңдап, 1986 жылы өтірік той өткіздік. Ал бір жылдан кейін шынымен үйлендік. Содан бері «ойыннан от шықты» деп әзілдеп айтып жүремін. Биыл отау құрғанымызға 39 жыл болды. Шын мәнінде, мұның бәрі — махаббаттың күші. Ол есеп те емес, жай ойын да емес. Сондықтан баршаға шынайы махаббат тілеймін.
Халықаралық мерекелерге қарсы емеспін, мысалы, Ғашықтар күні бар. Бірақ әр халық өз дәстүрін қалыптастырады. Мәселен, Жапонияда арнайы күні қыздар жігіттерге сыйлық беріп, жігіттер жауап ретінде құрмет көрсетеді. Неге біз де сондай дәстүр қалыптастырмасқа?», – дейді Мұрат Әбенов.
Енді бірі әйгілі The Beatles тобының әнін мысалға келтіріп, ғашықтар күнін атап өтуді қолдайтынын айтты.
- «Негізінде мен мұны толықтай қолдаймын. Өйткені ғашықтық — бәріміздің жасап жүрген ісіміздің, еңбегіміздің негізі деуге болады. Шабыт келген кезде де сол сезімнің рөлі үлкен. Менің өзімнің де ақындығым бар, бірақ орыс тілінде. Соның бәрі ғашықтық болмаса, болмас еді деп ойлаймын. Меніңше, әлемде жасалған дүниенің бәрі — ғашықтықтан туындайды. “All You Need Is Love” деген The Beatles-тың жақсы әні бар, сол әннің өзінде бәрі анық айтылған. Қайда барсақ та, қай жерде жүрсек те, ең алдымен — ғашықтық. Адамның адаммен қарым-қатынасы да ғашықтықсыз болмайды.Сондықтан баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Құтты болсын!», - деді Ерлан Стамбеков.
Депутаттар арасында совет заманында “Әулие Валентин күнін” тойлағанын, бірақ қазір оны атап өтпейтінін айтқандар да бар.
- «КСРО кезінде өмір сүргеннен кейін бе, білмеймін, біз бұрын оны мектепте оқып жүргенде тойлайтынбыз, яғни “Валентин күні” деп. Бірақ қазір ондайды тойламаймыз», - дейді Ерлан Әбдиев.
- «Ол жастан өтіп кеттік қой. Жас азамарттарымызға құтты болсын деп айтам. Қозы Көрпеш Баян Сұлу сияқты емес, бірге бақытты болсын деп тілеймін», - дейді Мұрат Ергешбаев.
Бірақ жастар арасында ғашықтар күнін тойлаудың жаңа дәстүрі қалыптасса сол дәстүрді ұстануға дайын депутаттарда бар.
- «Ғашықтар күні — соңғы уақытта қалыптасып келе жатқан, өз орны бар мереке. Әр адамның өз махаббаты болғандықтан, бұл күні жарымызға ерекше назар аударып, мерекені атап өтеді. Бұрын бұл мейрамның нақты мәдениеті қалыптаспаған еді. Қазіргі таңда ол тек сыйлық берумен және бірге уақыт өткізумен ғана шектеліп тұр. Болашақта жастар тарапынан жаңа ұсыныстар айтылып, нақты бір мерекелеу дәстүрі қалыптасса, біз де сол мәдениетті ұстанатын боламыз», – дейді Олжас Құспеков.