Қазақстанның үш облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты кей автожолдарда көлік қозғалысына шектеу енгізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«2026 жылғы 17 сәуір күні сағат 07:30-дан бастап ауа райының нашарлауына байланысты “Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті” автожолының 433–788 шақырым аралығында (Жезқазған қаласы – Қарағанды облысының шекарасы) барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу енгізілді. Жолды ашу болжамы – 2026 жылғы 17 сәуір сағат 11:30», – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Қарағанды облысында да осы жолдың Ұлытау облысы шекарасынан Топар кентіне дейінгі (433–788 км) жолы жабылды. Жолды ашу уақыты шамамен 17 сәуір сағат 11:30 деп жоспарланған.
Абай облысында сағат 09:00-ден бастап «ҚХР шекарасы – Майқапшағай – Қалбатау – Семей – Павлодар – РФ шекарасы» автожолының Семей қаласынан Қалбатау кентіне дейінгі (756–906 км) жолында шектеу енгізілді.
Сонымен қатар, «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» жолының Аягөзден Қалбатау ауылына дейінгі (778–967 км) учаскесі де жабылды.
Жолдардың ашылуы 17 сәуір күні шамамен сағат 15:00-ге жоспарланған.