Тоқаев халықаралық институттар дағдарысы туралы айтты

Ulysmedia
Фото: Ulysmedia.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумы аясында халықаралық институттардың дағдарысы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

«Болашақ картографиялау және белгісіздік жағдайын басқару» атты панельдік пікірталаста сөйлеген сөзінде Тоқаев бүгінгі әлемнің жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп жатқанын, жаңа технологиялармен қатар өмір сүру жағдайында әлемдік құрылымның болашағын бәрі болжап бағуға тырысатынын атап өтті.

Оның айтуынша, көпжақты халықаралық институттар мен ұйымдардың осы дәуірде сақталып қала ма, әлде олардың болашағы қандай болатыны әлі де ашық мәселе болып отыр. Қазақстан Президенті қазіргі таңда негізгі келіссөздердің БҰҰ алаңдарынан тыс өтіп жатқанын да айтты.

- «Қазірдің өзінде келешек әлемнің тағдыры мен болашағы жасанды интеллект жүйелерін басқаратын шектеулі адамдар тобының қолында. Олардың саны оннан аспайды. Осыған байланысты үлкен халықаралық институттардың, ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлі қандай деген сұрақ туындайды. Адамдар белгілі бір астаналарда, белгілі бір конференц-залдарда жиналады, бірақ БҰҰ алаңында емес», — деді ол.

Орта державалардың рөлі

Тоқаевтың айтуынша, БҰҰ өкілдерінің халықаралық келіссөздердің нәтижесіне ықпал ететін нақты тетіктері мен жеткілікті өкілеттігі жоқ.

Фото: Ulysmedia.kz

Президент әлемде «орта державалардың» рөлі артып келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, мұндай мемлекеттер, соның ішінде Қазақстан да, келіссөздер жүргізуге арналған алаң мен қызметтер ұсынып, ортақ мәмілеге келуге ықпал ете алады.

- «Осылайша, менің ойымша, қазіргі әлемде “орта державалардың” рөлі өсіп келеді. Біз болашақ әлем үшін тиімді шешімдер әзірлеу жолдарын ойластыруымыз қажет. Біріккен Ұлттар Ұйымына қайта оралсақ, әрине, мен БҰҰ Жарғысын толық қолдаймын. Біз оған берік болуымыз керек. Ешкім оны бұзуға құқылы емес. Бірақ БҰҰ-ның өзі реформалауды қажет етеді. Қауіпсіздік Кеңесінің тығырыққа тірелуі – бүкіл әлем үшін аса қауіпті жағдай», – деді Мемлекет басшысы.

Контекст

Айта кетейік, Түркияның Анталия қаласында бесінші Анталия дипломатиялық форумы басталды. Бұл алаң тек жоғары деңгейдегі кездесулер өтетін орын ғана емес, сонымен қатар ашық диалог пен ортақ шешім іздеуге мүмкіндік беретін платформа ретінде танылып келеді. Қазақстан Президенті форумға Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның арнайы шақыру алып, қатысады.