Қытайлық инвесторлар Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданында жаңа кәсіпорын іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АСТЫҚ ДАҚЫЛДАРЫН ӨҢДЕЙДІ
Тиісті меморандумға қытайлық инвесторлармен Silk Way Link ЖШС инвестициялық жобасын іске асыру аясында қол қойылды.
Жергілікті әкімдіктің айтуынша, астық дақылдарын өңдеп, жемдік ұн өндіретін кәсіпорын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің шығындарын азайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қол жеткізілген келісімдер алдағы ынтымақтастыққа жол ашады. Болашақта экономиканың түрлі салаларында бірқатар жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр, – деп хабарлады аудан әкімдігі.
Инвестиция көлемі мен құрылыс мерзімі әлі нақтыланбады.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін қытайлық инвестор Қазақстанда металлургиялық комбинат салуға 1,2 млрд доллар инвестиция салуды жоспарлаған болатын. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қытайдың Фуцзянь провинциясына жасаған сапары барысында Fujian Hengwang Investment компаниясымен инвестициялық жобаны іске асыру жөнінде келісімге келген.
Министрліктің мәліметінше, жоба аясында Қазақстанда жылына 3 млн тоннаға дейін болат өндіретін металлургиялық комбинат салу көзделіп отыр. Инвестиция көлемі шамамен 1,2 млрд долларды құрайды. Жоба нәтижесінде 2,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Кәсіпорын ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағытталмақ.
Fujian Hengwang Investment ірі металлургиялық корпорация. Компанияның ресми сайтында оның топ-менеджерлері 2016 жылдан бері Нигериядағы шыны зауытына инвестиция құйып, сондай-ақ Пәкістан мен Перуде бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатқаны жазылған.
2024 жылы Fujian Hengwang Investment Шымкентте металлургиялық зауыт салу туралы келісімге келгені хабарланған. Ол жобаны бес жыл ішінде іске асыру жоспарланып, инвестиция көлемі 1 млрд 750 млн доллар деп бағаланған.