Бұдан былай түлектер ҰБТ-ны бір-ақ рет тапсырады

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі жаңғыртылмақ. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КЕЗЕКТІ РЕФОРМА МА?

Министрдің айтуынша, білім беру жүйесіндегі өзгерістер – уақыт талабы.

Адами капиталға инвестиция салу – мемлекеттік саясаттың сөзсіз басымдығы. Бүгінде әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде жаңа білім беру модельдері қалыптасып, цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр, – деді Аида Балаева.

Оның сөзінше, бұл үрдістер оқушылардың қабілетін ерте анықтауға, жеке білім беру траекториясын қалыптастыруға және еңбек нарығына бейімделген мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Бұл – кезекті реформа емес, сапалы жаңа кезеңге өту. Мұнда тест арқылы іріктеу жүйесін, оның ішінде ҰБТ-ны жетілдіру шешуші рөл атқарады, – деп атап өтті министр.

ПЕДАГОГ БОЛҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР АУЫЗША ЕМТИХАН ДА ТАПСЫРАДЫ

Аида Балаева ҰБТ жүйесін трансформациялау бойынша бірнеше нақты ұсынысты атады.Біріншіден, педагогикалық мамандықтарға қабылдау тәртібі өзгереді. Енді педагог болуды қалайтын жастар стандартты тестілеуден бөлек, арнайы дайындалған ауызша емтихандар тапсырады. Бұл ретте Admissions Insight Test тапсырмалары арқылы үміткердің талдау жасау дағдысы мен оқуға дайындық деңгейі анықталады. Вице-премьер бұл өзгерістің маңыздылығын атап өтіп:

«Педагогикалық жоғары оқу орындарына талапкерлерді іріктеу кезінде тестілеу жүйесі мен арнайы емтихандарды ұштастыратын гибридті бағалау формасын енгізу қажет. Мұнда басты назар тек пәндік білімге ғана емес, сонымен қатар ойлау қабілетіне, талдау дағдыларына, оқуға дайындық деңгейіне және басқа да маңызды көрсеткіштерге аударылуы тиіс», — деді.

ҰБТ БІР-АҚ РЕТ ТАПСЫРЫЛАДЫ

Сонымен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеудің өзі де модернизациядан өтеді. Жаңа жүйе бойынша ҰБТ мемлекеттік грант иегерлерін анықтайтын бір реттік, шешуші емтихан мәртебесіне ие болады. Ал түлектерге өз деңгейін алдын ала тексеруге мүмкіндік беретін сынақ тестілеулері бұрынғыша сақталады. Бұл шаралар іріктеу үдерісінің әділдігі мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Тағы бір өзекті шешім — Foundation дайындық бағдарламалары арқылы «шартты түрде қабылдау» жүйесінен бас тарту. Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, осы схемамен оқуға түскен студенттердің 60 пайызға жуығы бағдарламаны игере алмай, шекті балды жинай алмайды. Осыған байланысты Аида Балаева мынадай пікір білдірді:

«Foundation дайындық бағдарламалары арқылы жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылдау жүйесінен бас тарту қажет. Тәжірибе көрсеткендей, осылайша қабылданған студенттердің 50-ден 60 пайызына дейінгі бөлігі оқу барысында тіпті ең төменгі шекті балды жинай алмайды. Біздің басты мақсатымыз – әділ іріктеуді қамтамасыз ету және шын мәнінде талантты талапкерлерді анықтау».