Демалыста қайда барамыз: Астана мен Алматыдағы үздік кештерге шолу

Ulysmedia
Коллаж Ulysmedia

Демалыс күндері Астана мен Алматыда қандай кештер өтеді? Қалалардың мәдени өміріне Ulysmedia тілшісі шолу жасап көрді. Ал қайда баруды әркім өз талғамына қарай таңдай алады.

АСТАНА КЕШІ КӨҢІЛДІ

18 сәуір күні Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы барлық өнерсүйер қауымды «СІЗ БІЛЕТІН ЕСТІ ӘН…» атты ерекше камералық музыка кешіне шақырады. Бұл кеш классикалық вокалдың сұлулығы мен тереңдігіне арналған. Билет бағасы 2400 теңгеден басталады.

Дәл осы күні Qazaqstan орталық концерт залында Анжелика Варум мен Леонид Агутин өнер көрсетеді. Көп жылдан бері сахнада өз стилін қалыптастырған, тыңдарманын жоғалтпаған әртістер Астанаға арнайы гострольдік сапармен келген. Концерт барысында белгілі хиттер –«Городок», «Как не думать о тебе», «Я буду всегда с тобой» сияқты әндер шырқалып, ара-арасында әртістер көрерменмен тілдесіп, жылы әңгіме құрады. Ал билет 15 мың теңгеден басталады.

19 сәуір күні Астанадағы Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония концерт залында қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған ерекше кеш өтеді. Концерт аясында композитордың ел жадында сақталған ең танымал әндері орындалып, көрермендер қазақ музыкасының алтын қорына енген туындыларды тыңдай алады. Шәмші Қалдаяқов – «Менің Қазақстаным», «Сарыжайлау», «Арыс жағасында» сынды халық жүрегіне жақын әндердің авторы, оның шығармалары ұлттық рух пен нәзік лириканы үйлестіре білгенімен ерекшеленеді. Билет 5000 теңгеден басталады.

19 сәуір жексенбі күні «Жастар» сарайының сахнасында II Халықаралық «NOMAD AWARDS» байқау-фестивалінің салтанатты гала-концерті өтеді. Гала-концерт фестивальдің басты оқиғасы болмақ. Бұл кеште ТМД елдері мен алыс шетелден келген шығармашылық ұжымдар бір сахнада бас қосады. Концерт бағдарламасында әр халықтың өзіндік болмысы, дәстүрі мен мәдени мұрасын айшықтайтын әсерлі хореографиялық қойылымдар ұсынылады. Билет 2500 теңгеден басталады.

Дәл осы күні NE PROSTO ORCHESTRA алғаш рет «BEST OF NE PROSTO POP» атты ауқымды турын ұсынады. Ерекше концерт Qazaqconcert залында өтеді. Бағдарламада әлемдік және заманауи поп-хиттер оркестрлік өңдеуде шырқалып, тыңдарманға таныс әндер жаңа, симфониялық форматта ұсынылады. Жанды дыбыс, қуатты аранжировка және ерекше атмосфера бұл кешті ұмытылмас әсерге айналдырмақ. Билет 8500 теңгеден басталады.

Фокус пен иллюзияны жақсы көретіндерге 19 күні иллюзионист әрі стендап-комик Юрий Приходько ұсынатын COMEDY MAGIC SHOW ерекше көңіл-күй сыйлайды. Бұл – сиқыр мен әзілді ұштастырған бірегей қойылым. Бағдарламада stand-up, карта фокустары, көрермендердің заттарымен (телефон, ақша, тиын) жасалатын трюктер, комедиялық магия, ментализм және түрлі болжамдар ұсынылады.

Барлық магия жанрлары бір сахнада тоғысатын бұл шоу POZITIV STANDUP BAR алаңында өтеді. Ал кіру 5000 теңгеден басталады.

 

АЛМАТЫДА ҚАНДАЙ КЕШТЕР ӨТЕДІ?

18 cәуір күні Алматыда Асқар Бөрібаевтың шығармашылық кеші өтеді.  Бұл – классикалық музыка сүйер қауымға арналған ерекше концерт.

Кеште дирижер Аскар Бөрібаев жетекшілік ететін Т. Әбдрашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестр өнер көрсетеді. Бұл ұжым еліміздегі симфониялық музыканың дамуына зор үлес қосып келе жатқан беделді оркестрлердің бірі. Ал билет небары 2000 теңгеден басталады.

Сенбі күні JCS тобының жанды концерті MANANA алаңында өтеді.

Қазақстандағы джаз жанрының жарқын өкілдерінің бірі, аңызға айналған JCS тобы ерекше концерт ұсынады. Бұл жоба – батыс пен шығыс мәдениетінің тоғысқан тұсы. Қазақтың дәстүрлі музыкасы джаз және рок бағыттарымен үйлесіп, тың форматта ұсынылады. Кеш барысында «Тук-тук», «Менің үйім», «Ай» және басқа да танымал туындылар MANANA-ның жайлы, камерлік атмосферасында орындалады. Билет 65 000 теңгеден басталады.

18 сәуірде көптің жүрегін жаулаған танымал MEZZO квартеті Музкафе сахнасында өнер көрсетеді. Классика мен заманауи музыканың ерекше үйлесімі тыңдарманға мүлде жаңа әсер сыйлайтыны анық. Бұл – жай концерт емес, атмосферасы бөлек, жанға жақын музыкалық кеш. Концертке кіру 9700 теңгеден басталады.

19 сәуір күні сағат 20:00-де Музкафе сахнада Марсель өнер көрсетеді. Жанды вокал және көпшілік сүйіп тыңдайтын хиттер бәрі де осы кеште шырқалады.

Ал 19-20 сәуір күндері Анжелика Варум и Леонид Агутин Алматыдағы Республика сарайында концерт береді.