Қазақстанда тегін жер учаскелері беріледі. Ол үшін не істеу керек

Қалижан Бектемір
ашық дереккөз

Қазақстанның әрбір азаматы тегін жер алуға құқылы. Алайда іс жүзінде жер алу оңай емес. Ол үшін не істеу керегін мамандар түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Крыша сайтына сілтеме жасап. 

ӨТІНІШТІ ҚАЛАЙ БЕРЕДІ?

Жылжымайтын мүлікке арналған платформа қандай жерлер берілетіні, қалай өтініш беруге болатынын және қандай шектеулер барын айтты. 

Олардың мәліметінше, жер  тұрғындарға расымен тегін берілді. Бұл құқық Жер кодексінің 50-бабында ( Жер учаскелерiн беру нормалары) бекітілген екен.  Өтінішті кез келген кәмелетке толған қазақстандық бере алады. Оның бұрыннан жері немесе баспанасы бар-жоғы маңызды емес дейді. 

Ал жер үш мақсатқа беріледі:

  • Жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ) — 10 соттық;
  • Жеке қосалқы шаруашылыққа (ЖҚШ) — суарылмайтын жерлерде 25 соттыққа дейін, суармалы жерлерде 15 соттыққа дейін;
  • Бағбандық және саяжай үшін — 12 соттық.

Айырмашылық көлеміне емес, пайдалану мүмкіндігіне де қарай. 

Жеке тұрғын үй құрылысына толыққанды тұрғын үй салуға болады. Тіркелуге, сатуға, ипотекамен алуға мүмкіндік бар.

Ал Жеке қосалқы шаруашылыққа үй салуға және шаруашылық жүргізуге болады. Мұндай учаскелер көбіне қала маңында немесе бұрынғы ауылдарда орналасады. Мысалы, Алматыда Алатау, Бостандық және Наурызбай аудандарында көп.

Бағбандық учаскелер бұл саяжайлар. Мұнда тіркелуге болмайды, ипотекаға сатып алу/сату қарастырылмаған. Тұрақты тұруға толық қолайлы емес.

Кейде саяжайлар ауылдарға қосылып, жеке тұрғын үй құрылысы санатына ауыстырылуы мүмкін. Бірақ бұл сирек кездеседі.

Өтініш беру үшін қағаз құжаттар керек пе?

Өтініш беру үшін қағаз құжаттар қажет емес. Өтініш онлайн түрде беріледі. Тек электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.

Жерге қалай өтініш беруге болады?

Жеке тұрғын үй құрылысы үшін арнайы кезек бар. Өтініш eGov порталы арқылы беріледі. Қызмет атауы: “Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезекке қою (10 соттық)”.

Ал Жеке қосалқы шаруашылық пен саяжай жерлері үшін тәртіп сәл өзгеше:

  • Жер учаскесін алу үшін алдымен Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының картасынан бос жерді таңдайсыз;
  • оның скриншотын жасап, кейін сол учаскеге Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе eGov порталы арқылы өтініш беруге болады;
  • Қызмет атауы – "Мемлекеттік меншіктегі жер учаскесін беру".

Тіркеуде болуы (прописка) маңызды емес. Өтінішті кез келген өңірде беруге болады. Мысалы, Астана мен Алматыда бос жер жоқ болса да, Алматы облысы, Ақмола облысы немесе басқа өңірлерде кезекке тұруға мүмкіндік бар.

Бірнеше өңірде қатар кезекке тұруға болады. Алайда жер тек бір өңірден беріледі. Кезек қай жерде жылдамырақ жетсе, сол жерден аласыз. Қалған өтініштер автоматты түрде жойылады.

Жерді күту мерзімі ұзақ. Әдетте кемінде 5–6 жыл, ал көп жағдайда 10–15 жыл немесе одан да көп уақыт кетеді. Ең ұзақ кезек – жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ). Қазір бұл кезекте 4 миллионнан астам адам тұр. Ал жыл сайын бірнеше ондаған мың учаске ғана беріледі. Ірі қалаларда, әсіресе Астана мен Алматыда бос жер мүлде жоқ.

Мұның себебі – заң бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер тек инфрақұрылым дайын болғанда ғана беріледі. Демек алдымен су мен электр желілері тартылуы тиіс. Бұл жұмыстар бюджет есебінен жүргізіледі.

ЖЕРДІ ИГЕРУГЕ 3 ЖЫЛ УАҚЫТ БЕРІЛЕДІ

Жеке қосалқы шаруашылыққа (ЖҚШ) жер алу үшін міндетті түрде инфрақұрылым талап етілмейді. Бірақ мұнда да қиындық бар. Себебі бос учаскелерді табу оңай емес, әсіресе қала маңында. Көбіне мұндай жерлер ауылдардан беріледі.

Саяжай жерлері бойынша таңдау көбірек. Алайда онда тұрақты тұру ыңғайлы бола бермейді. Себебі жол, жарық, су сияқты инфрақұрылым жеткіліксіз болуы мүмкін және олар көбіне қаладан алыс орналасады.

Кейбір адамдар делдалдар арқылы жер алу процесін жеделдетуге болады деп ойлайды. Алайда бұл мүмкін емес. Кезек толықтай электронды түрде жүргізіледі. Делдалдар тек ақылы кеңес беріп немесе жер іздеуге көмектесуі мүмкін, бірақ кезек жылдамдығына әсер етпейді.

Кезектің қалай жылжып жатқанын eGov порталы немесе Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры арқылы тексеруге болады. eGov-та “Бұрын берілген өтініштердің деректерін жаңарту” қызметі арқылы, ал кадастр жүйесінде “Менің профилім” → “Менің кезектерім” бөлімі арқылы өтініштің мәртебесін, кезек нөмірін және берілген күнін көруге болады.

Жер учаскесін алғаннан кейін оны игеру міндетті. Жеке тұрғын үй құрылысы және Жеке қосалқы шаруашылық үшін үй салу қажет, ал саяжай үшін бау-бақша өсіру керек. Үй толық салынып, пайдалануға берілгенге дейін жер жалға берілген күйде болады. Тек содан кейін ол жеке меншікке өтеді.

Әдетте жерді игеруге 3 жыл уақыт беріледі. Нақты мерзім мен талаптарды жергілікті әкімдіктер белгілейді. Егер бұл уақыт ішінде ешқандай жұмыс жүргізілмесе, учаскені мемлекет қайтарып алуы мүмкін.