«Алтын белгі»: түлектер армандайтын төсбелгінің құны қанша

Анар Лепесова
фото: ашық дереккөзден

Оқу-ағарту министрлігі биыл мектеп бітіруші түлектер үшін «Алтын белгі» төсбелгілерін дайындауға қанша қаржы жұмсайтыны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БІР ТӨСБЕЛГІ ҚАНША ТҰРАДЫ?

PROTENGE телеграм-арнасының жазуынша, 8 мыңнан астам «Алтын белгі» төсбелгісін дайындауға 231,3 млн теңге жұмсалмақ. Тапсырысты Монета сарайы мамыр айының соңына дейін орындауы тиіс. Бір төсбелгінің құны – 27 695 теңге.

Айта кетейік, соңғы үш жылда «Алтын белгі» айтарлықтай қымбаттаған. Мәселен, 2023 жылы оның бағасы 16 520 теңге болған.

Сонымен қатар үздік бітірушілер саны да артқан. 2023 жылы бар болғаны 5,5 мың төсбелгіге ғана тапсырыс берілген. Ал 2024–2025 оқу жылында 7420 түлек «Алтын белгі» иегері атанған.

«АЛТЫН БЕЛГІ» ТҮЛЕККЕ НЕ БЕРЕДІ?

«Алтын белгі» – Қазақстандағы мектеп түлектеріне үздік оқу нәтижелері үшін берілетін марапат. Оны алу үшін оқушы 5-сыныптан 11-сыныпқа дейін барлық жылдық бағаларын тек «өте жақсы» деңгейде сақтап, қорытынды емтихандарды сәтті тапсыруы тиіс. Бұл марапат Қазақстан университеттеріне түсу кезінде бірқатар артықшылық береді және жоғары оқу үлгерімінің ресми мойындалуы болып саналады.

 «Алтын белгі» білім беру гранттарын бөлу кезінде және мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға қабылдауда елеулі жеңілдік береді. Тең ұпай жағдайында марапат иегерлері басымдыққа ие болады.

Белгінің өзі диаметрі 30 мм болатын металл дөңгелек түрінде жасалады. Онда ашық кітап, лавр бұтағы және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген.