1,5 жастағы баланың дұрыс дамып жатқанын қалай білеміз

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Бір жарым жас – баланың тілдік және психоэмоционал дамуы қарқынды жүретін аса маңызды кезең. Осы уақытта балаға ерекше көңіл бөліп, оның қарым-қатынас дағдыларын бақылау қажет. Бұл туралы логопед-дефектолог Гүлсара Ниязқызы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БІР ЖАРЫМ ЖАСТА НЕНІ БІЛУІ КЕРЕК?

Бала дамуы – әр ата-ана үшін ең маңызды әрі алаңдататын тақырыптардың бірі. Әсіресе, сәби бір жарым жасқа толғанда оның алғашқы дағдылары, қарым-қатынасқа түсуі, қоршаған ортаны тануы айқын көріне бастайды. Осы кезеңде ата-ана баласының дұрыс дамып келе жатқанын қалай аңғаруы тиіс. Логопед-дефектолог Гүлсара Ниязқызының айтуынша, бұл жастағы әрбір қимыл мен әрекет – баланың психологиялық және әлеуметтік дамуының көрсеткіші. Сондықтан баланың мінез-құлқына, дыбыстарды айтуына, қарапайым әрекеттерді орындауына мән беру аса маңызды.

Бір жарым жастағы балаңыздың дұрыс дамып жатқанын қалай білуге болады? Бұл жаста бала ата-анасы келгенде қуанып «привет», «пока» деп шығарып салады. Немесе жақсы көретінін айтып, ата-анасын сүйеді. Бала көзін, құлағын, мұрнын бірден көрсетеді,– дейді логопед. 

БАЛА ДАМУЫ НЕГЕ КЕШІГЕДІ?

Оның пікірінше, бала қалаған затын «мынаны ішемін, мынаны бер» деген секілді қолымен көрсете алуы керек. Мысықтарға, иттерге, сиырларға еліктеп «му, мияу, аф-аф» деген секілді дыбыстарды айтуға тырысуы қажет.

Бір жарым жаста балаңызда осы әдеттер болмаған болса, баламен көп далаға серуендемеуіңіз мүмкін. Сондай-ақ балаға мультфильмдерді шамадан тыс көрсеткен жағдайда дамуы кешігеді. Немесе жай ғана балаға уақыт бөліп, жай-жаймен, ретімен үйретілмеген болуы да мүмкін,– дейді Гүлсара Ниязқызы. 

КОНТЕКСТ

Айта кету керек, Қазақстанда балалардың дамуының тежелуі соңғы жылдары жиі айтылатын мәселеге айналды. Сарапшылардың айтуынша, бұл тек жекелеген жағдай емес, жүйелі үрдіске айналып барады. Статистикаға сүйенсек, 2025 жылы психикалық дамудың тежелуі (ЗПР) диагнозы 6 083 балаға, сөйлеу дамуының кешігуі (ЗРР)  2 089 балаға қойлыған.