Белгілі әнші Мөлдір Әуелбекова КешYOU тобының мерейтойлық концертіне қатыспайтынын айтып, ренішін білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«АЛТЫН ҚҰРАММЕН ӨТКІЗІП АЛСЫН»
Өнер иесі бұл туралы Threads желісіне жазды.
Кешьюдің концертіне қатыспау туралы шешім қабылдадым. Менсіз-ақ, алтын құраммен керемет кеш өтетініне сенімдімін. Осылайша, өнер жолымдағы үлкен бір кезеңнің бетін өзім үшін жабамын,– дейді Әуелбекова.
Оның айтуынша, осы 22 жыл ішінде Мөлдір Әуелбекова деген атты өзі қалыптастырған. Түрлі кезеңдерден өтіп, сахнада да, әртүрлі лауазымдарда да қызмет атқарыпты. Тіпті бизнеспен айналысып, кей сәттерде өнерден алыстап, кейін қайта оралған.
Менің өнер жолымның қалыптасуына үлес қосқан барша ұжымдарға, әріптестерге, жанымнан табылған адамдарға және ең әуелі өзімнің адал көрерменіме, халқымa алғысым шексіз. Биыл өнерде жүргеніме 22 жыл. Бұл аз да көп те емес, сол үшін бір есеп беру концертін өткізу менің міндетім. Қисынсыз шоу емес, талғам мен сапаға құрылған өнер кешінде кездесейік,– дейді әнші.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін танымал әншінің «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының қатарына қосылғанын жазғанбыз. Әуелбекова бұл жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, өзінің өмір жолындағы жаңа кезең басталғанын атап өтті:
Мен оралдым! Серік Рахметоллаұлы бастаған @auyl_partiasy-ның мүшесіне қабылдандым! Бұл мен үшін тағы бір нық қадам! 2010 жылдан бастап бірнеше жыл Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы болып қызмет жасағаннан кейін, 2017 жылдан “Қазақконцерт” мемлекеттік концерттік ұйымында шығармашылық топтың басшысы болдым, – деп жазды әнші.