224,7 млрд теңге: тіс емханаларының былтырғы табысы

Ulysmedia
Фото: ЖИ

Елімізде тіс емдеу қызметінің бағасы жыл сайын қымбаттап келеді. Сәйкесінше, халықтың бұл салаға жұмсайтын шығыны да артқан. Finprom сарапшылары саладағы өзгерістердің соңғы статистикасына сүйеніп, талдау жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КАРИЕС ЕМДЕУ ҚЫМБАТТАҒАН

2026 жылдың басынан бастап Ұлттық статистика бюросы тіс имплантациясы құнының өзгерісін жеке есептей бастады. Қаңтар-наурыз айларында бұл қызметтердің бағасы бір жылда 10,3%-ға өскен. Өңірлер бойынша айырмашылық айтарлықтай: Алматы облысында өсім 28,3%-ға жетсе, Ақтөбе облысында 1%-дан да төмен болған. Дәл осындай өсу тісті протездеу қызметтерінде де байқалады.

Жалпы стоматологиялық қызметтердің ішінде ең көп қымбаттағаны – кариес емдеу (17,7%) мен тіс жұлу (14,7%). Сонымен қатар протездеу 13%-ға, ал кәсіби тіс тазалау 11,5%-ға өскен.

БІР ОТБАСЫ ТІСІНЕ ҚАНША ЖҰМСАЙДЫ?

Бағаның өсуі халық шығындарының артуымен қатар жүріп отыр. 2025 жылдың үшінші тоқсанында бір отбасы стоматологиялық қызметтерге орта есеппен 8,3 мың теңге жұмсаса, бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,9%-ға көп. Бірінші және екінші тоқсандарда да өсім жоғары – тиісінше 24,6% және 22,6%. Нәтижесінде стоматология шығындарының денсаулық сақтау құрылымындағы үлесі 2024 жылғы 22,6–24,2%-дан 2025 жылы 27,9%-ға дейін артқан.

ИМПЛАНТАЦИЯ МИЛЛИОННАН БАСТАЛАДЫ

Имплантация қызметтері әлі де ең қымбат бағыттардың бірі болып отыр. Екі жақ сүйекке толық имплантация жасау құны бірнеше миллион теңгеге жетеді. Орташа жалақы алатын қазақстандық үшін мұндай ем 4-12 айлық табысқа тең болса, модальды жалақы алатындар үшін 14-43 ай бойы қаражат жинауды талап етеді.

Осы факторлардың барлығы халықтың стоматологиялық клиникаларда қалдыратын қаражатының көбейгенін көрсетеді. БНС деректеріне сәйкес, 2025 жылы медициналық ұйымдар халық есебінен 224,7 млрд теңгеге ақылы стоматологиялық қызмет көрсеткен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 27,2%-ға көп және 2023 жылғы көрсеткіштен екі есе жоғары. Тоқсан сайынғы деректер де бұл өсімнің тұрақты екенін дәлелдейді.