50-ден астам тұрғыны бар 3000 ауылға интернет тартылады

Ulysmedia
Фото: ЖИ

"Қазақтелеком" басшысы Бағдат Мусиннің айтуынша, жаңа технология арқылы интернет 50-ден астам тұрғыны бар 3000 ауылға тартылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

ЦИФРЛАНДЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

“Қазақтелеком” басқарма төрағасы Бағдат Мусин бұл туралы Самұрық-Қазына қоғамдық кеңесінің отырысында мәлімдеді. Оның пікірінше, қазақстандықтарды интернетпен қамту – компанияның басты басымдықтарының бірі. «Тазарту», «Sapa+» және «Ауыл Online» жобалары аясында 630 мың отбасы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізген.

Қазір “Қазақтелеком” ауылдарды цифрландырудың жаңа кезеңін бастап жатыр. Жоба аясында 50-ден астам тұрғыны бар 3000 ауыл интернетке қосылады.
2027 жылдың соңына дейін:

  • 1 млн-нан астам ауыл тұрғыны интернетке қосылады;
  • 1 941 мектеп пен 2 905 мемлекеттік мекеме қамтылады;
  • жалпы инвестиция көлемі 239 млрд теңгені құрайды.

НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

Самұрық-Қазына қоғамдық кеңесінің төрағасы Болат Жәмішев ауылдарды іріктеу критерийлері мен жаңа кезеңнің айырмашылығын Мусиннен сұрады.

Бұрын оптикалық желі тек мектеп, әкімдік, медпункт сияқты нысандарға ғана тартылатын.  Енді ауылдағы кемінде 30% үй шаруашылығы интернетке қосылуы тиіс. Әрі қарай даму халық сұранысына байланысты болады, – деп түсіндірді Бағдат Мусин. 

ҮЙГЕ ДЕЙІН ЖЕТКІЗЕДІ

«Соңғы шақырым» мәселесін шешу үшін компания FWA (тұрақты сымсыз қолжетімділік) технологиясын қолданады. Бұл – кабель тартпай-ақ, базалық станциялар арқылы үйлерді интернетке қосуға мүмкіндік береді.

Біз мобильді оператор емеспіз, бірақ үй шаруашылықтарын шамамен 50 Мбит/с жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етеміз. Бұл – мобильді байланысқа ұқсас, алайда нақты үйлерге бағытталған технология, –  деп түсіндірді Бағдат Мусин.

Пилоттық жоба қазірдің өзінде 250+ санатына жататын 120 ауылда іске қосылған, ал алдағы уақытта оны кеңейту жоспарланып отыр. “Қазақтелеком” басшысының айтуынша, мұндай шешімдер бұған дейін Қытай мен Үндістанда сәтті қолданылған.

КОНТЕКСТ

Қазақстанда интернетке қолжетімділік әлі де өзекті мәселе. Ел аумағы үлкен әрі халық тығыздығы төмен болғандықтан, шалғай ауылдарды интернетпен қамту қиын. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында тұрғындар провайдерлер арасындағы келіспеушіліктерге байланысты интернетке қосыла алмай отырған жағдайлар болған.