Қазақстанда скринингтік бағдарламаларды жаңғырту нәтижесінде онкологиялық ауруларды ерте анықтау көрсеткіші 35 пайызға дейін өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министрдің айтуынша, бүгінде онкологиялық скринингтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматқа қолжетімді. Сонымен қатар, инсульттің алдын ала белгілерін анықтауға бағытталған жаңа скрининг енгізіліп, қосымша 300 мың адамды қамтуға мүмкіндік берген.
Скрининг нәтижесінде 320 мың азамат динамикалық бақылауға алынған. Ал тиімді диагностикалық зерттеулермен қамту деңгейі 4 пайыздан 38 пайызға дейін артқан.
«Скрининг қорытындысы бойынша 320 мың адам динамикалық бақылауға алынды. Онкологиялық ауруларды ерте анықтау 35 пайызға дейін өсті, тиімді зерттеулермен қамту 4%-дан 38%-ға дейін артты»,
— деді Ақмарал Әлназарова.
Сонымен қатар, елде инсультке қарсы инфрақұрылым да кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта 85 заманауи инсульт орталығы жұмыс істеп, қажеттілікті толық қамтамасыз етіп отыр.
Жүрек-қан тамыр ауруларына жедел көмек көрсету үшін 48 коронарография орталығы қызмет етеді. Бұл орталықтар «алтын сағат» қағидаты бойынша жұмыс істеп, инфаркт кезінде уақтылы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, мұндай нысандар енді ауылдық жерлерде де ашылып жатыр.