АҚШ президенті Дональд Трамп Иранда жер астына жасырылған байытылған уранды шығару процесі ұзақ әрі қиын болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«ТҮН ОРТАСЫНДАҒЫ БАЛҒА»
Трамптың айтуынша, «Түн ортасындағы балға» операциясы (2025 жылғы маусымда Иранның ядролық нысандарына жасалған соққылар) елдегі ядролық инфрақұрылымға жойқын әсер еткен. Сол себепті уранды қазып алу жұмыстары өте күрделі және ұзаққа созылады.
Ал Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи Иран байытылған уранды АҚШ-қа да, басқа елдерге де шығаруды жоспарламайтынын айтқан.
Иран қанша жылдан бері ядролық қаруға үміткер ел ретінде аталып келеді. Тегеран 2003 жылы ядролық қару жасау бағдарламасын тоқтатқанын мәлімдегенімен, МАГАТЭ деректеріне сәйкес, соңғы жылдары уран байытуды жалғастырып келген, соның ішінде қару жасау деңгейіне жақын дәрежеге дейін жеткізген.
2015 жылғы ядролық келісімге сәйкес, Иранға уранды 3,67% деңгейіне дейін ғана байытуға және оның қорын 300 кг көлемінде ұстауға рұқсат берілген болатын. Алайда МАГАТЭ мәліметінше, Иранда шамамен 400 кг 60% деңгейінде байытылған уран бар. Егер ол 90%-ға дейін жеткізілсе, бұл көлем 10 ядролық оқтұмсық жасауға жетуі мүмкін.
Iran Watch ұйымы Иран бір ядролық қаруға жететін уранды шамамен төрт айда байыта алады, ал бес қару жасауға қажет мөлшерді бір жыл сегіз ай ішінде жинай алады деп ескерткен. Трампқа маза бермей отырған да – осы. Ақ үй басшысы былтыр қиратылған Исфахан ядролық нысанының үйінді астында қалған уран қорына қол жеткізбей тынышталмайтын сияқты.
ТРАМПТЫҢ КЕЗЕКТІ ҚҰҚАЙЫ
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Иран тарапымен келіссөз жүргізу үшін бүгін Исламабадқа ұшпақ. Алдын ала жоспарға сәйкес, Вэнс АҚШ-тағы Joint Base Andrews әуе базасынан таңертең ұшып шығып, Пәкістан астанасы Исламабадқа бағыт алады. Алайда нақты ұшу және жету уақыты көрсетілмеген. Иран тарапының Вэнспен кездесуге делегация жіберетін-жібермейтіні де беймәлім.
CNN эфирінде АҚШ президенті Дональд Трамп егер Иран жаңа келіссөздерге келіспесе, «бұрын-соңды көрмеген қиындықтарға тап болатынын» мәлімдеді.
«Олар келіссөз жүргізеді. Ал егер жүргізбесе, бұрын-соңды болмаған проблемаларға тап болады», – деді ол.
Трамп АҚШ бұл қадамға амалсыз барғанын тағы қайталап, «біз керемет жұмыс істеп жатырмыз, бәрін аяқтаймыз, бәрі риза болады» деп қорытындылады.
Алайда Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Галибаф қысым арқылы жасалатын келіссөздерден бас тартатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Трамп блокада енгізіп, атысты тоқтату режимін бұзып, келіссөз алаңын өз түсінігінде «берілу алаңына» айналдыруға тырысып отыр.
Бұған дейін Трамп Иранмен жасалған екі апталық атысты тоқтату мерзімін ұзартуы екіталай екенін айтқан. Оның айтуынша, 7 сәуірде жарияланған бітім Вашингтон уақытымен сәрсенбі кешінде аяқталады және егер келісім жасалмаса, оның ұзартылуы екіталай.