Ақын, Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шаханов туған жері Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесінің маңындағы ауылға жерленді. Қазақ поэзиясының тау тұлғасымен қоштасу рәсімі Жаңашілік ауылында өтті. Ulysmedia.kz тілшісі Отырар ауданына арнайы барып, қоштасу рәсіміне қатысты.
ХАЛЫҚ КӨП ЖИНАЛДЫ
Шаханов туған Шәуілдір мекені бүгін күңіреніп тұрды. Аспанда бұлт үйіріліп, дәл ақын денесін жаназаға шығарғанда жаңбыр себеледі. Тарихта орны бөлек перзентін кіндік қаны тамған жердің өзі жоқтап тұрғандай. Ал нар тұлғалы ұлымен қоштасуға келген халық қарасында есеп болған жоқ. Иін тірескен елдің ішінде белгілі кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдері Серікжан Сейтжанов, Асқар Мырзахметов, Қуаныш Айтаханов, Ринат Зайтов пен Қазбек Иса да болды.
ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ АТАҒЫНАН БАС ТАРТҚАН
«2050 жылдары мүмкін 2060 жылдары ХХ ғасырдың соңы, ХХІ ғасыр басында қазақтың ұлы алыбы, ақыны деген мәселелер тарихта жазылады. Сол кезде Мұхтар Шаханов бірінші болып көш бастап тұрады деп ойлаймыз. Кешелі бері әлеуметтік желіде халық ортасында жүргенін көрдік. Ол соңғы деміне дейін халық арасында жүріп, еліне қызмет етіп кетті. Ол кісі бір кездері «Халық Қаһарманы атағын алудан бас тартты ғой. Себебі сол жылдары көптеген саяси шабуылдар болған. Ерте ме, кеш пе шындық өзінің тарихи әділеттілігі алады деп ойлаймын», – дейді Мұхтар Шахановтың шәкірті Берік Ағыбаев.
АМАНАТЫН ТАСПАҒА ЖАЗЫП ҚАЛДЫРҒАН
Қазақ халқы сүйікті ақынынан, Шахановтар әулеті алып бәйтерегінен айрылды. Атасын жоқтап қатарда қос ұлынан қалған немерелері тұрды. Әкесінен айрылған Жанерке қызының да жан тебіренісі көңіл айтып келген елдің ет жүрегін елжіретті. Шындығын жоғалтпаған ақынның ақтық аманаты туралы да айтылды. Мұхтар ақын оны бейнежазбаға түсіріп қалдырған екен.
«Мұхтар ағаны Өзбекәлі Жәнібеков сияқты үлкен тұлғаның жанында жерлеген өте орынды еді. Мына тарихи сәтте ол кісіге бұйырмай қалды. Соның жанындағы мазаратқа жерленетін болды. Бірақ ол кісінің халқымызға сіңірген еңбегі, әлемдік тарихта қалдырған орнына сәйкес болу үшін Өзбекәлі Жәнібековтің жанында, Арыстан баб кесенесінің жерінде жерленгені өте дұрыс болар еді. Өзі қалдырған бейнежазбаны тыңдағанымда Өзбекәлі ағасының жанына барсам деген соңғы аманаты еді. Соны орындауымыз керек еді. Әттең енді шешім осындай болды»,– Отырар ауданының құрметті азаматы Жамбыл Айменов.
Мұхтар Шахановты ақтық сапарға алып бара жатқан жол бойы жаңбыр жауып тұрды. Ал онымен қоштасуға әйгілі адамдардан гөрі қарапайым халық көп келді. Өзі шыққан ел ішінде емін-еркін жүрген дара тұлғаны Арыстан баб кесенесі салынған зиратта жерлеуін сұраған екен. Алайда мәңгілік мекен көрші мазардан бұйырды дейді зиялы қауым өкілдері.