Елордада IX «Astana Eurasian Book Fair – 2026» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ашылды. Бұл – Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық іс-шаралардың бірі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Көрме-жәрмеңкенің негізгі мақсаты – кітап оқу мәдениетін насихаттау, кітап нарығындағы жаңа өнімдерді көпшілікке таныстыру, әлемдік кітап шығару және баспа индустриясының тәжірибесімен алмасу.
80-НЕН АСТАМ КОМПАНИЯ ҚАТЫСУДА
Іс-шараға Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла және Ұлыбританиядан келген баспа, кітап саудасы, ғылыми-білім беру және полиграфия саласында жұмыс істейтін 80-нен астам компания қатысуда. Қатысушылардың тең жартысы – қазақстандық ұйымдар.
ЖАҢА КІТАПТАРДЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛЕДІ
Көрме аясында жаңа кітаптардың таныстырылымдары, авторлармен кездесулер, автограф-сессиялар және балаларға арналған шеберлік сабақтары өткізіледі. Атап айтқанда, Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы», Маржан Ершудің «Жалғыз қол» поэмасы, Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары» фотоальбомы, Ұларбек Дәлейдің «Бату хан» романы және Анжей Сапковскийдің «Мыстангер» шығармасы секілді бірқатар кітаптардың таныстырылымы өтеді.
Сонымен қатар Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды», Хавьер Мороның «Үміт сапары» еңбектері де оқырман назарына ұсынылады. 23 сәуірде Ұлттық кітап күніне орай республикалық «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді, — деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігі.
КӨРМЕНІ ҚАЛАЙ КӨРЕМІЗ?
Жәрмеңке 26 сәуірге дейін (қоса алғанда) Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында (Ә. Бөкейхан көшесі, 1а) өтеді. Кіру тегін. Жұмыс уақыты – 10:00-ден 20:00-ге дейін.